Парадан бас тартқан маңғыстаулық мемлекеттік қызметкер ақшалай сыйақымен марапатталды
Пара беруші жауапкершілікке тартылды.
Маңғыстауда облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті Заң басқармасының жетекші маманы П.Қ. Қылышбай бір жолғы ақшалай сыйақымен марапатталды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қаулысымен бекітілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына сәйкес, 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заң басқармасының жетекші маманы П.Қ. Қылышбай бір жолғы ақшалай сыйақы түрінде 40 АЕК мөлшерінде (96 200 теңге) марапатталды", - делінген хабарламада.
П.Қ. Қылышбай сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік танытқаны үшін, атап айтқанда, өз құзыретіне кіретін мәселелерді жедел қарау және Маңғыстау облысы бойынша МКД ішкі қауіпсіздік басқармасына уақытында жүгінгені үшін 5000 теңге сомасында пара алудан бас тартқаны үшін ақшалай сыйақы алды.
"Қабылданған шаралармен пара беруші "Қылмыстық құқық бұзушылық туралы" ҚР кодексінің 367-бабы 1-бөлігімен (пара беру) кінәлі деп танылып, оған жаза түрінде белгіленген айыппұл 20 АЕК мөлшерінде", - деп хабарлады комитетте.
Осыған байланысты, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Ішкі қауіпсіздік басқармасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы шынайы ақпарат немесе Мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсету үшін азаматтар мен заңды тұлғалар 8 (7292) 40-36-59, WhatsApp 8 707-991-39-86 телефоны бойынша хабарласа алады.