ДЭВИС КУБОГЫ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ХОРВАТИЯ ҚҰРАМАЛАРЫНЫҢ ҚҰРАМЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Әйгілі Дэвис Кубогының (Davis Cup) ¼ финалы аясында кездесетін Қазақстан мен Хорватияның ерлер арасындағы ұлттық құрама мүшелерінің есімдері белгілі болды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны және жаттықтырушысы Диас Досқараев Хорватия құрамасына қарсы еліміздің үздік теннисшісі Михаил Кукушкин (рейтинг АТР - 83), Александр Недовесов, Дмитрий Попко, Тимур Хабибулин, Денис Евсеев және Роман Хасановты шығарды.
Бізге қарсы ойнайтын құрама сапында Марин Чилич (рейтинг АТР - 3), Борна Чорич, Виктор Галович, Иван Додиг және Никола Мектич бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 6-8 сәуірінде Хорватияның Вараждин қаласында Дэвис Кубогының жартылай финалына шығу үшін Қазақстан мен Хорватия құрамаларының арасында матч өтеді.
Қазақстанның ерлер құрамасы биыл жетінші мәрте әлемдік теннистің айтулы Кубогында өнер көрсетіп жүр. Ұлттық құрама бұл турнирдің ширек финалына 5 мәрте шыққанын айта кетейік.
Қазақстан-Хорватия кездесулерінің кестесі:
6 сәуір - басталуы 13:45;
7 сәуір - басталуы 14:45;
8 сәуір - басталуы 14:00.
Пікір 2