ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ
Жыл басынан бері он екінші отырысын өткізген аудандық Қоғамдық кеңес бұл жолы да бос орынға орналасу үшін келген жұмыссыздардың мәселесін қарады.
Бос орынға сұраныс беруші №131 орта мектеп директоры Л.Палымбетова мектепте бастауыш сынып мұғалімінің зейнеткерлікке шығуына байланысты бір орынға 10 бірдей маманның таласып тұрғанынан кеңес мүшелерін хабардар етті.
- Бос орынға 10 талапкер үмітті. Олардың барлығынан сынақ алынды. Жазба жұмысы мен математика пәнінен тест тапсырды. Қорытындысымен 6 маман алдарыңызға келіп тұр, - деп мектеп басшысы сынақ қорытындысына тоқталды.
Жұмыс іздеушілердің дені жастар. Арасында педагогикалық еңбек өтілі бар мамандар да бар. Сондықтан кеңес мүшелері мәселені талқылап, неғұрлым әділетті шешімге келуге тырысты. Мектептегі босаған орынға 16 жыл осы салада еңбек өтілі бар, 1-санатты педагог Гүлзинат Сейдахметова орналасатын болды. Айта кету керек, Гүлзинат ауданға түскен келін, ол бірнеше жылдан бері өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүрген қос дипломды маман.
- Қоғамдық кеңес әділ шешімге келді деп ойлаймын. Мұндай мәселеге жан-жақты келіп, шын мәнінде тәжірибесі бар, сол орынға лайық маманды таңдадық. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей кеңес мүшелері бір ауыздан осы шешімге келді. Ал, осы орынға үмітті басқа мамандардың дені жастар екен. Әлі талай жұмысқа орналасып кетулеріне тілектеспіз,- деді кеңес мүшесі Ұ.Жаналиева.
«Бармақ басты, көз қысты» демекші, жемқорлықтың жолын кесуде қоғамға қажет осындай кеңес өз жұмысын жалғастыратын болады.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ