Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ӨЗІҢЕ СЕНЕ БАСТА» аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың айрықша бастамалары жүзеге асуда

«ӨЗІҢЕ СЕНЕ БАСТА» аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың айрықша бастамалары жүзеге асуда

Жыл басында жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу және жалпы ішкі өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін көбейту үшін облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасы алдағы үшжылдықты, яғни 2018-2020 жылдарды «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы» деп жария­лады. 
Жұмыс     істеп  тұрған кәсіп­кер­лер­ге, әсіресе болашақ кәсіпкерлерге ба­­рынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Кәсіпкерлер үйі ашыл­­­ды. Бұл ғимаратқа облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» аймақтық инвестиция орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталығы, «Жобаларды сараптау орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы,  «Цеснабанк» АҚ Қызылорда облысы филиалы және тағы да басқа мекемелер орналасты.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы бір мезетте 3 маңызды мә­селенің   шешімі табылады. Бірін­шіден, салық базасы ұлғаяды, екін­шіден, жаңа жұмыс орындары құ­ры­­лады, үшіншіден, қоғамдық-сая­си ахуал тұрақтала түседі. Бүгінгі уақыт үдесінен шығу, әлеуметтік-эко­ном­икалық жағдайын жақсарту үшін әрбір әулет, әр ауыл тек қана кәсіп ашуға, дамытуға ұмтылу қажеттігін ұғынатын кез келді.  Бұл межелі мақ­сатқа әлеуетті кәсіпкерлермен қоса, мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге деген құлшынысы ерек жандар да өз үлестерін қосуда.
Кеше Қызылордадағы Кәсіп­кер­лер үйінде «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіп­керлердің өнімдерінен облыс­тық  көрме-байқау өтті. Шараға түрлі сала­да кәсіпкерлікпен айналысып  жүрген  50 адам қатысты. Байқау  ба­рысында  қатысушылардың ағаш, то­қы­ма, сурет, тағам мен көп­теген басқа да өнімдерінен көрме ұйым­дастырылды.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, байқау жеңім­паздары мен қатысушыларын марапаттады. Байқау жеңімпаздарын об­лыстық мәслихат депутаттары, кәсіп­­керлер палатасының мүшелері, «Даму» қоры мен әлеуметтік қорғау ұйымы қызметкерлерінен құрылған комиссия анықтады.
– Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәсе­лелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіпкерлік. Бүгін мүм­­кіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау әрі олардың дамуына жол ашу мақсатында «Өзіңе сене баста» көрме-байқауын өткізіп отырмыз. Қаты­сушылар – тағдыр тауқыметіне қара­мастан, қоғамда өз орнын тауып, өзін жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс тауып берген азаматтар. Олар көп­ке үлгі болуға лайықты және қоғамды масылдық көзқарастан арыл­­туға септігін тигізеді, –  деді ай­мақ басшысы.
Қазір облыс халқы 800 мыңнан асты. Жыл сайын халық саны табиғи өсім негізінде 40-45 мың адамға кө­бейіп отыр. Бұл үрдіс жалғаса берсе, 4-5 жылдың ішінде аймақ тұрғындарының саны 1 миллионға жетеді деген болжам бар.
Көрмені аралап, оған қатысу­шы­лардың әрқайсысына көңіл бөлген облыс әкімі:
– Сіздердің көрмеге қойған тауар­­ларыңызды көріп шықтым. Бола­шақта қаржылай, моральдық қол­­дау көрсетсек, жасап жатқан кәсіп­теріңіздің  аясын кеңейтсеңіздер, қо­­сым­­ша  жұмыс орындары ашылады. Оның игілігін сіздердің әулет­теріңіз ғана емес, халық көреді. Таза еңбегімен, адал кәсібімен айналысып, тұрмысын түзеуге, баюға тырысқан адамның ұмтылысы қолдауға лайық. Салық базасы ұлғайып, жұмыс орындары ашылса, қоғамдық тұрақтылық сақталып, халық пен биліктің арасында түсініспеушілік болмайды.
Дені сау,  мүмкіндігі жеткілікті аза­маттар тіршілік жасау керек. Сіз­дер тепсе темір үзер шағында ата-анасының зейнетақысына масыл болып отырған кейбір адамдарға үлгі көрсеттіңіздер. Тағдырдың тау­қыметін де жеңіп, кәсіппен айналысып, мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдаландыңыздар. Сіздерді қазіргі заманның батырлары деуге болады, – деді.
Байқаудың қорытындысы бойынша  «Кәдесый жасау» жобасымен Жаңақорған ауданынан қатысқан Қасиет Орал облыс әкімінің Алғыс хаты мен   1 миллион теңгеге ие болды. «Аяқкиім жасау» жобасымен Қармақшы ауданынан қатысқан Ерлібек Жармахановқа екінші орын 700 мың теңгемен қоса табысталды. Ал үшінші орынмен және 500 мың теңге сыйақымен «Кәріз жүйелері өнімі, темір және сурет бұйымдары» жобасымен Қызылорда қаласынан қатысқан Аслан Ертоқаев марапатталды. Сонымен қатар, байқаудың барлық 50 қатысушысы да грамота және тұрмыстық техника тауарлары сертификатына ие болды.
Жеңімпаз Қасиетті әңгімеге тартқанымызда:
– Бірнеше жыл бұрын  жақын­да­рымның көмегімен кәдесый жа­­сау­­мен айналыса бастадым. Кәсіп­­керлікті қолдауға бағыт­тал­­­ған түрлі мемлекеттік бағдар­лама­ларда үздік нәтижелерге қол жеткіздім. Байқауда жеңімпаз атан­ғаныма өте қуаныштымын, ұйым­дастырушыларға және қолдау көр­сеткен жандарға алғыс білдіремін, – деді.
Қазір облыста 29353 мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. I топтағы мүгедектердің саны 2827, II топтағы  11145, III топтағы – 10526 болса, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны  4855-ті құрайды.    Оларды   қол­дау­­да  аймақта жүйелі жұмыс­тар жүр­­­гізілуде. Биыл жеке оңалту бағ­­дарламасын іске асыру үшін об­лыс­тық бюджеттен 680 млн теңге бөлінген. Бірінші жартыжылдықта жұмыспен қамту орталығы 376 мүм­кіндігі шектеулі адамды жалпы жұмыс орындарымен, оның ішінде 148 мүгедек жанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 2012 жылдан бастап өңірімізде «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған. Бастап­қыда инватакси тек екеу  болса, бү­гінгі күні олардың саны 18-ге жетті. Арбадағы азаматтарды тасымалдауға арналған аппарелі бар арнайы бас­палдақпен жабдықталған 112 автобус қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікпен айналысуды қалаған мүмкіндігі шектеулі қызылордалықтар әр салада өз істерін кедергісіз бастау үшін жан-жақты көмек ала алады.
Көрмеге келген кәсіпкерлерді әңгімеге тартып, шиелілік Бақытбек Дулығаның жұбайы Дәрігүлге бір­неше сауал қойдық. Жастайынан құлағы ауыр еститін Бақытбек бесік, сандық жасау кәсібін меңгерген. Шебердің қолынан шыққан дүние­лерді іздеушілер  үйінен келіп алып кетеді. Дәрігүл бесіктің жасауын тігеді. Саудалаушылар көздің жауын алатын, барлық бұйымы түгел бесікке қызығушылық танытып жатады екен. Жақында қайтарымсыз грант алған отбасы кәсібін кеңейтіп, шағын цехты үлкейтпек ниетте.
Жол апатынан кейін мүгедек болып қалған Әсия Сарқұлованы да асау толқынға қарсы жүзген жан деуге әбден болады. Қазір қолөнер бұйымдарын, құрақ көрпе, қоржын тігумен, бисерден түрлі кәдесыйлар жасаумен, сурет салумен айналысады.  Болашақта қыздарға арналған «Әйел бақыты» деген курс ашып, өз бойындағы өнерін үйреткісі келеді.
Бізбен әңгіме барысында Қазақ соқырлар қоғамы Қызылорда фи­лиа­лының  директоры Мирас Қожах­метов 30 адам еңбек  ететін цех жұмысы туралы баяндап берді. Мұн­дағы жұмысшылардың жартысы мүмкіндігі шектеулі адамдар. Цехта жастық, матрас, төсек бұйымдары, медициналық халат, жаңа туған нәрестелердің киімдері тігіледі. Тендерге қатысып, бәсекелестікке төтеп беріп, осы жұмысты атқарып отыр. Болашақта кір қыстырғыш, картон шығаратын цехтар ашу жоспары бар.
Көрмені аралап жүріп, адамның физикалық мүмкіндігінің шек­теу­­лі болуы оның ой-қиялының ұшқырлығына, өмірге деген құл­шы­сына, айналасына шуақ шашуына, керек десеңіз аяқ-қолы сау адамдардан артық тірлік істеуіне кері әсер ете алмайтынына көз жеткізе түсесіз. Біз алдағы уақытта  олардың әрқайсысы туралы оқырманға егжей-тегжейлі айтып беретін боламыз.
 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген 
Бағдат ЕсжанОВ.
23 тамыз 2018 ж. 569 0