«Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясы жалғасуда
Бала – басты жолаушы. Көлік апаты орын алған жағдайларда көбінесе балалар зардап шегеді. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 15 ақпан мен 1 наурыз күндері аралығында аудан көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс шарасы аясында «Сіздің жолаушыңыз – бала» атты акциясы өткізілуде.
«Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясының басты мақсаты – балаларды жолда жүру ережелерімен таныстыру, жол қауіпсіздік ережелерін сақтау, жол белгілерін білу қажеттілігін, жол ережесін білудің маңызын, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпсіздік қағидаларын насихаттау бойынша тиісті жұмыстар жүргізу.
Жедел профилактикалық іс-шара аясында жүргізіліп жатқан акция бойынша Сырдария ауданы Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының инспекторлары мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, жол қауіпсіздігі ережелері туралы бағыт-бағдар беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолға жүгіріп шықпау, жол ережелерін қатаң сақтау керектігі ескертілді. Сонымен қоса оқушыларға жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын ауыр және жеңіл түрдегі жарақаттар мен олардың адам өміріне қаншалықты әсер ететінін түсіндіріп өтті. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптары берілді. Акция бойынша тиісті шаралар мен түсіндірме жұмыстары наурыз айының біріне дейін жалғасын табады.
– Соңғы уақытта жол-көлік оқиғасы салдарынан балалар зардап шегуде. Әсіресе, мектеп оқушылары. Біз өз кезегімізде акция бойынша аудан көлемінде тиісті жұмыстар мен қауіпсіздік шараларын ұйымдастырудамыз. Басты мақсатымыз – балаларға жол қауіпсіздік ережелерін үйрету, жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын ауыр жағдайлармен таныстыру, жол ережесінің адам өміріндегі маңыздылығы туралы балаларға түсіндіру. Жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау тек оқушыларға ғана емес, сонымен қоса көлік жүргізушілеріне де қатысты. Мектеп маңайында оқушылар жиі жүретіндіктен мектептердің жанынан өтерде өте мұқият әрі сақ болу қажет. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандағы мектептерді аралап, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – дейді жергілікті полиция қызмет бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Айтбаев.
А.ЖҮНІСОВА