Кіші олимпиада: байрақты бәсекенің бәсі мықты
Биыл ел спортшылары жекелеген байрақты бәсекеде топ жарып келеді. Әлемдік және халықаралық деңгейдегі бірқатар спорт ойындары осы жылдың күнтізбесіне енгізілген. Мәселен, 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Аичи-Нагоя аймағында ХХ жазғы Азия ойындары өтеді. Азия құрлығындағы ең ірі спорттық доданың қатарына жататын бұл жарыста 43 спорт түрі мен 71 дисциплина бойынша спортшылар бақ сынап, барлығы 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.Төрт жылда бір өтетін Азия ойындары – спортшылар үшін халықаралық аренадағы шеберлігін дәлелдеп, ел қоржынына жүлде салатын маңызды жарыс. Биылғы бәсекеге Қазақстан құрамасы да жоғары дайындықпен қатысып, көк туымызды көкке көтеруді көздеп отыр. Айта кетейік, Жапонияда өтетін Азия ойындарында Қазақстан атынан 35 спорт түрінен 570-ке жуық спортшы ел намысын қорғайды. Құрама сапында тәжірибелі спортшылармен қатар, халықаралық жарыстарда өз мүмкіндігін танытып жүрген жас спортшылар да бар. Қазақстандық спортшылар бокс, күрес, дзюдо, гимнастика, ауыр атлетика, велоспорт, жеңіл атлетика, су спорты және басқа да спорт түрінен сынға түседі. Әр спорт түрінен ел намысын қорғаған спортшының басты мақсаты – жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның көк байрағын жеңіс тұғырында желбірету.
Қазақстанның Азия ойындарындағы спорттық тарихы да толағай жетістікке толы. Бұған дейін еліміздің спортшылары Азия ойынында жалпы саны 637 медаль жеңіп алған. Оның ішінде, 165 алтын, 180 күміс және 292 қола медаль бар. Бұл көрсеткіш Қазақстан спорт мектебінің әлеуетін және отандық спортшылардың құрлықтық додадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның Мемлекеттік Туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова алып шығады. Мұндай маңызды сәт – спортшы үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Мемлекеттік Туды алып шығу – спорттық жетістікпен бірге елге деген сенім мен Отан алдындағы жауапкершіліктің де белгісі.
Е.Сметовтің есімі қазақстандық спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Олимпиада чемпионы ретінде ол еліміздің дзюдо мектебінің биік деңгейін әлемге танытты. Ал Сарвиноз Миркадированың ашылу салтанатында Қазақстанның көк Туын алып шығуы үстел теннисі спортының да елімізде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтетін болғанымен, жарыс бағдарламасындағы кейбір спорт түрі бойынша бәсеке бұған дейін басталады.
Алғашқылардың бірі болып 10 қыркүйекте баскетбол додасы басталды. Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы кездесуін 11 қыркүйекте өткізді. Алдағы күндері ел құрамасының спортшылары түрлі спорт түрінен жарыс алаңына шығып, өзара мықтыны анықтайды. Әсіресе қазақстандық жанкүйерлер дәстүрлі түрде жүлде алуға мүмкіндігі жоғары саналатын бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика және жеңіл атлетика секілді спорт түрлерінен жақсы нәтиже күтеді.
Қазақстанда спортшыларды ынталандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Азия ойындары қарсаңында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ұлттық құраманың қорытынды жиынында Қазақстан Азия ойындарының чемпиондарына берілетін ақшалай сыйақы көлемін едәуір арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұған дейін спортшылар алтын медаль үшін 5, 10 немесе 15 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып келген. Ал жаңа жоспар бойынша Азия ойындарында чемпион атанған спортшыға 50 мың АҚШ долларынан сыйақы төлеу көзделіп отыр. Аталған норманы заңнамалық деңгейде бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде. Дәл осы Азия ойындарындағы сыйақы бюджеттен тыс қаражат есебінен төленетіні айтылды. Спортшыларға берілетін мұндай қолдау олардың еңбегін бағалап қана қоймай, жоғары нәтижеге деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Себебі үлкен спортта жеңіс – ұзақ жылғы дайындықтың, тынымсыз еңбектің, тәртіп пен табандылықтың нәтижесі.
Азия ойындары – тек медаль үшін өтетін жарыс ретінде қарастырылмайды. Кіші олимпиададағы әрбір жарыс елдің спорттық әлеуетін танытатын, түрлі мемлекеттің спортшылары бас қосатын халықаралық деңгейдегі маңызды дода. Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсететін әр спортшы үшін жарыстың маңызы зор. Себебі спорт алаңына шыққан сәттен бастап ол жеке өзінің мүддесін жоғары қоймай, елінің намысын қорғайды. Жеңіс тұғырында Қазақстанның көк туының көтерілуі мен Әнұранының шырқалуы – спортшы үшін үлкен абырой.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Коллаж К.Ерлепесқызынан










