Отбасын қолдау – мемлекеттік саясаттың бір бөлігі
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты. Өз кезегінде аудан басшысына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова мен орталық директоры Айнұр Төлегенова мекеменің материалдық-техникалық базасы, қызмет көрсетуге арналған кабинеттері, мамандардың жұмыс жүйесі және тұрғындарға ұсынылатын әлеуметтік қызметтердің сапасын жан-жақты таныстырды.Ұжыммен кездесуде әлеуметтік қызметкерлер, психологтар мен заңгерлер аудан басшысына тұрғындарға көрсетілетін қызметтер мен қабылдау тәртібін баяндады.
Отбасын қолдау орталығы – халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына кешенді қолдау көрсететін маңызды мекеме. Негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету. Орталық көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жұмыссыз және әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беріп, қажетті мемлекеттік бағдарламаға бағыттайды. Мамандар тұрғындардың мәселесін жеке зерделеп, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру және өзге де әлеуметтік мәселесі бойынша тиісті мекемемен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Бұдан бөлек орталықта психологиялық кеңес беру, құқықтық сүйемелдеу, медиация қызметі, отбасы мүшелері арасындағы дау-дамайлардың алдын алу, балалардың құқығын қорғау, жастардың отбасы құндылығы жөніндегі сауаттылығын арттыру бағытында түрлі семинар, кездесу мен түсіндіру шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы қолайлы ахуалды қалыптастыру және қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыс жүйелі жүргізілуде.Мекеме жұмысымен танысу барысында аудан басшысы отбасы институтын нығайту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін дер кезінде анықтап, оларды шешуге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екенін атап өтті.
– Отбасын қолдау орталығы – халыққа нақты көмек көрсететін маңызды әлеуметтік мекеме. Сондықтан әрбір азаматтың мәселесіне бей-жай қарамай, кәсіби әрі сапалы қызмет көрсету қажет. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, профилактикалық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әрбір тұрғын мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Ол үшін мекеме мамандары өзара үйлесімді жұмыс істеп, халықпен тығыз байланыста болуы қажет, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімі мекеме жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және әлеуметтік қызметтердің нәтижелілігін күшейту бағытында сала басшысына нақты тапсырма берді. Жауапты сала мамандарының мемлекеттік мекемемен, құқық қорғау органдарымен, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарымен өзара ықпалдастықты нығайтып, халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру жан-жақты қарастырылды.
«Тт» ақпарат











