«Алтын орақ-2026»: Шиеліде егін ору науқаны басталды
Шиелі ауданы Бала би ауылында «Балаби-2004» өндірістік кооперативінің егіс алқабында Сыр бойының басты дақылы, ел ырысы – ақ маржан күрішке орақ түсті.«Алтын орақ – 2026» мерекелік іс-шарасына аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, халық қалаулылары, аудан ардагерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, ауданның зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков шара барысында еңбек майданында алдыңғы шепте жүрген диқан қауымды алғашқы егін жинау науқанының басталуымен құттықтап, жер ананың берекесін арттырып, маңдай терін аямай еңбек еткен шаруалардың тынымсыз еңбегіне жоғары баға берді.
– “Күннің аптап ыстығы мен қара суығында, ала жаздай алқап басында жүріп, егінге көздің қарашығындай қараған еңбектеріңіз ақталып, ел ырысына айналсын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың берекесі артып, қамбамыз астыққа толы болмақ. Бұл – Сыр диқанының қайсарлығы мен табандылығының айқын көрінісі”, – деді аудан әкімі.

Биыл аудан көлемінде 1500 шаруа қожалығы жұмыс істесе, оның 220-і егін шаруашылығымен айналысады. Үстіміздегі жылы аудан бойынша барлығы 32 мың 499 гектар жерге егін егілді.
Оның ішінде:
- дәндi дақылдар – 4 327 га
- мал азықтық дақылдар – 10 392 га
- картоп, көкөнiс, бақша дақылдары – 5 030 га
- майлы дақылдар – 1 150 га
Ал негізгі дақылымыз – күрiш көлемі 11 600 гектарды құрап отыр. Сонымен қатар әртараптандыруға ерекше мән беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда дән жүгеріні 2145 гектарға, бидай 1962 гектарға, сүрлемдік жүгері 69,4 гектарға, мал жемдік асқабақты 154 гектарға ұлғайтылды.
Аудан диқандары жаңа технологияларды қолданып, 10 000 гектар жерді лазерлік тегістеп, 3665 гектар алқапта тамшылатып суару әдісімен көкөніс және бау-бақша дақылдары егілді. Бұл – болашақта өнім көлемін арттырудың сенімді кепілі.
Суды үнемді пайдалану мақсатында шаруалар егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану тәжірибесін енгізіп, суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс пен бақша дақылдарының көлемін көбейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізді.
Еңбек мерекесіне айналған жиын соңында аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.










