«Тіл – ұлттың ұлы мұрасы» атты мерекелік іс – шара өтті
«Руханият» орталығында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязовтың қатысуымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған «Тіл – ұлттың ұлы мұрасы» атты мерекелік іс-шара өтті.Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары мерекеге орай жылы лебізін білдіріп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын айқындайтын тұжырым. Қазақ тілі – халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың айнасы. Тілді құрметтеу – елді, тарихты және ұлттық құндылықтарды құрметтеу. Бүгінде елімізде әрбір этнос өкілінің ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуына қажетті жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етуде, – деді Нұржан Ерділдаұлы.
Сонымен қатар, тіл саласының дамуына, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға облыс және аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарының "Алғыс хаттары" табысталды.
Шара соңында көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздар ана тілді ардақтауға, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған әндер орындап және шығармашылық қойылымдарын ұсынды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










