Егемендіктің нышаны – мемлекеттік тіл
Егемендіктің ең басты нышанының бірі – мемлекеттік тіл. Ана тілі өз тұғырынан таймаса, ұлттық рух әлсіремейді, халықтың тарихи жады мен рухани құндылықтары жоғалмайды. Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы, елдіктің темірқазығы. Ана тілінде еркін сөйлеп, ойын анық жеткізе алатын ұлттың болашағы да баянды болмақ. Сондықтан мемлекеттік тілге құрмет көрсету – әрбір азаматтың азаматтық парызы әрі ел алдындағы жауапкершілігі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі – ұлттың рухы, елдігіміздің жаны. Бұл – ешқандай ұран емес, шын мәніндегі тарихи ақиқат. Қазақ тілі – тек қазақ халқының емес, бүкіл Қазақстан халқының тілі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршамыздың міндетіміз. Біз бұл бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Құр сөз емес, іс керек. Қазақ тілі ғылымның, технология мен бизнестің тіліне айналуы тиіс», – деп мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі айрықша орны мен болашақтағы маңызын нақты айқындап берді.
Шын мәнінде, кез келген халықтың ең қымбат мұрасы – ана тілі. Өйткені тіл – ұлттың өткені мен бүгінін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын, әдебиеті мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Тіл арқылы халықтың болмысы, мінезі, танымы мен өмір сүру салты сақталады. Сондықтан ана тілін құрметтеу – тек тілді сақтау ғана емес, ұлттық болмысты, тарихи сананы және рухани тұтастықты сақтау деген сөз.
Қазақ тілі – сан ғасырлық тарихы бар, көркемдік қуаты мол, сөздік қоры бай тілдің санатында. Ұлы дала өркениетінің шежіресі, жыраулардың толғауы, билердің шешендік сөздері, ақын-жазушылардың мәңгілік мұрасы осы тіл арқылы бүгінгі ұрпаққа жетті. Халық даналығында «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген нақылдың сақталуы да сөз құдіретінің халқымыз үшін қаншалықты маңызды болғанын аңғартады.
Қаймағы бұзылмаған ұлттық дәстүрді берік ұстанған Сыр өңірінде де мемлекеттік тілдің мәртебесі әрдайым жоғары. Аймақта ана тілін насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастардың тіл мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазақ тілінің қоғамның барлық саласында еркін қолданылуы – өңірдің рухани дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – заман талабы. Дегенмен өзге тілдерді игеру ешқашан ана тіліне деген құрметті әлсіретпеуі тиіс. Керісінше, өз тілінің қадірін терең түсінген адам ғана өзге халықтың мәдениетін де құрметтей алады. Ана тілін ардақтау – ұлттық сана мен елдік рухтың айқын көрінісі.
Мемлекеттік тілдің өрісі кеңеюі үшін әр азамат тілдік норманы сақтап, сауатты сөйлеуге, дұрыс жазуға, қазақ тілінің байлығын күнделікті өмірде кеңінен қолдануға ұмтылуы қажет. Қазақ тілін ғылымның, білімнің, цифрлық технологияның, бизнестің және халықаралық коммуникацияның тіліне айналдыру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттің қатарында.
Мемлекеттік саясаттың негізгі қағидатының маңыздылығы – ана тілінің мәртебесін арттыру, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қызмет етуіне жағдай жасау екені даусыз. Тілдің тағдыры – елдің тағдыры. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту – бір ғана мекеменің немесе белгілі бір саланың емес, барша қоғамның ортақ ісі. Ана тілінің абыройын асқақтатып, оның тұғырын биіктету арқылы ғана біз ұлттық құндылығымызды сақтап, тәуелсіздігімізді нығайта түсетініміз анық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз











