Ұлт діңгегі

Фестивальді ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
– Қадірлі тіл жанашырлары, сіздерді Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке елімізде 1998 жылдан бері аталып келеді. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деді. Сондықтан осынау атаулы күннің халқымыз үшін мәні мен маңызы зор. Айтулы күн – халқымыздың рухани байлығы саналатын ана тілімізге, сондай-ақ еліміздегі сан түрлі этностардың тіліне көрсетілген құрметтің, татулық пен түсіністіктің белгісі. Тіл – ұлттың жаны, оның тарихы мен тағдыры, мәдениеті мен болашағы. Сондықтан тілге деген құрмет – елге деген құрмет деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Бұдан бізге зор жауапкершілік артылатынын аңғарамыз. Бүгінгі таңда түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруіне еліміздегі тіл саясаты тікелей ықпал етуде. Бүгінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалымен бірлесе ана тіліміздің мәртебесін арттыруға ауқымды жұмыстар қолға алынды. Барлық мекеме, мектеп, балабақшада арнайы іс-шаралар өткізілуде. Ауданымызда тілдерді қолдану мен дамыту мақсатында жыл сайын түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде, «Асыл сөздің зергері – ұлы Абай» атты аудандық Абай оқулары, «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты аудандық байқау, «Абай жолы – дара жол» атты мекемеаралық интеллектуалдық сайыс және басқа да ауқымды іс-шаралар өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Ең бастысы, біздің басты мақсатымыз – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жыл көлемінде тіл жанашыры ретінде белсенділік танытқан бірқатар азамат марапат төрінен көрінді. Мәселен, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Алғыс хатымен» білім және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Байырбек Әмірбеков, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық Ассамблеяның белсенді мүшесі Гульюзум Кокшарова, Нина Обухова, «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының кіші буын қызметкері Альбика Ильясова, Тереңөзек кенті мәдениет үйінің қызметкері Ольга Потолова, Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің директоры Айнұр Әлиева, «Шаған-Жер» ЖШС-ның кеңсе жетекшісі Дархан Ибраимов, Сырдария агротехникалық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлстан Исмайлова марапатталды. Айта кетейік, әріптесіміз, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюповтің «Алғыс хатына» ие болды.
Фестивальге қатысушы топтар Тереңөзек кенті мәдениет үйі атынан «Дәстүр» тобы қазақ ұлты болса, аудандық орталық кітапхана ұжымы «Бірлік» тобымен шығып, орыс ұлтының салт-дәстүрін насихаттады. Өнер мектебінің ұстаздары «Өнер ордасы» тобы ретінде сахна төріне көтеріліп, қырғыз ұлтының мәдени өмірін көрсетті. «Достық» тобы құрамында болған мәдениет үйінің майталмандары түріктің ұлттық құндылықтарын жеткізе білді. Барлық топ жоғары дайындықпен келіп, үздік болуға ұмтылды. Барынша өнер көрсетіп, әрбір ұлттың дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсетуге тырысты. Аудандық фестиваль қорытындысы бойынша өнер көрсеткен топтарға арнайы «Алғыс хат» пен қаржылай сыйлық табысталды.
«Тт» ақпарат