Шаған ауылында Ғ. Мұратбаев көшесі күрделі жөндеуден өтті
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге Шаған ауылындағы Ғ. Мұратбаев көшесінің күрделі жөндеу жұмыстарын көріп, сапасына назар аударды.– Ауданда елді мекендердегі жолдардың жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Соңғы жылдарда аудандағы ең үлкен ауыл – Шаған елді мекенінің жолдары реттілігімен жөнделуде. Елді мекендегі жолдардың жай-күйін жақсарту мәселесі үнемі назарымызда. Бүгінгі таңда Ғ.Мұратбаев көшесінде жаңартылған жол мен тротуар ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына мүмкіндік береді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жалпы құны 209,8 млн теңгені құрайтын жоба аясында ұзындығы 1,3 шақырым болатын көше мен тротуарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарды мердігер мекеме – «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС атқарды. Жөндеу жұмыстары барысында жол негізіне қиыршық тас төселіп, тротуарларға бордюрлер орнатылды. Сонымен қатар көше мен жаяу жүргіншілер жолына асфальт-бетон жабындысы төселді. Бүгінде жоспарланған құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жаңартылған жол тұрғындар игілігіне берілді.
Аудан басшысы атқарылған жұмыстардың сапасын қарап, жауапты сала мамандарына жаңартылған жолдың талапқа сай күтіп-ұсталуын қамтамасыз етуді және елді мекендердегі жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










