Сауда мен бизнес: Қытай әлде Ташкент?
«Саудада береке бар» деген ұғым бекер емес. Тауарлы бизнестің тілін білген кез келген адам табысқа жетері анық. Тек өз пайдасын ойламай, халықтың қалтасына қонымды бағаны ұсынса, нағыз саудагер болары белгілі. Қазіргі таңда алпауыт елдердің нарығын жаулаған Қытай тауарларының бағасы сапасына қарай сатылуда. Қай жерге барсаң да кішкентай түйреуіштен бастап, мініп жүрген көлігімізге дейін көршілес елдің өндірісі. Бірақ тауар өндіруден сапасы Қытай тауарларынан әлдеқайда жақсы, бағасы да қолжетімді болып нарықта өз орнын алып жатқан Ташкент өнімдері де халықтың көңілінен шығып үлгерді. Ал бұл өндірістердің қайсысы қарапайым халық үшін тиімді, соған тоқталсақ.Кез келген өндірістің артында қаншама адамның маңдай тері жатыр. Қытай халқы – еңбекқор, тынымсыз халық. Олардың басым көпшілігі саудамен айналысады. Бір күн ұйқысынан кеш тұрса «аш қалады». Иә, таңмен таласып оянған халық, тырбаңдап қолдан келген тірлігін үлкен-кішінің жұмысы демей істеп жүреді. Қазіргі таңда қазақ елінің қаншама ұл-қызы осы елде нәпақасын тауып, сауда жасап жүр. Яғни, осы елдің тауарын өз еліне әлеуметтік желі арқылы ұсынып, жеткізіп беру жағын да қарастырып қойған. Арзан әрі сырт көрінісі де әдемі көрінген кез келген зат сапалы емес. Қытай елінің ішкі нарығында үш түрлі сапа болады. Өзге елдер үшін де дәл солай. Сапасына қарай бағасы да әртүрлі. Бір заттың үш түрлі сапасы сырттан келген саудагерлер үшін де тиімді. Бірақ неліктен соңғы бірнеше жылда Қазақстанда Қытай тауарлары кеңінен тарады?
Шынында осыдан бірнеше жыл бұрын басталған Ресей Федерациясы мен Украина елінің арасындағы қақтығыс біршама алпауыт мемлекет үшін күтпеген жағдай болды. Соның арасында Қытай Халық Республикасы да бар. Ресейдің 150 миллион халқы тұрғанда 20 миллион халықтың аз екені белгілі. Алайда екі елдің саяси жағдайы Қытай елінің 70-80 пайыз саудасы жүрмеуіне тікелей әсер еткен. Бұл туралы әлеуметтік желі белсендісі әрі Қытаймен саудада халық сеніміне ие болған саудагер өз парақшасында айтып өткен. Расында бұл қақтығыстың зардабы Қытай еліне ғана тиген жоқ. Көптеген мемлекеттің экспорты күрт азайып, біршама шығынға ұшырағаны анық. Осы тұста қытайлықтар қарап қалмай, Қазақстанда не «трендке» айналып жатыр, соның алғашқы көшірмесін айнытпай шығарып, қолжетімді бағада қазақ елінің нарығын жаулауда. Иә қазіргі таңда Қытай елі бізге сауда жағынан тәуелді десек те болады. Өйткені нарық кеңейіп, тауарлар саны да артуда. Олар біздің нарықты күн сайын бақылайды. «Не трендте», «тез өтіп жатқан тауар қандай» соны айна-қатесіз көшіру Қытай елі үшін түк те емес. Ресми дерекке сәйкес бір айдың ішінде 7200 компания тіркелген. Саны бар, бірақ сапасы жоқ. Дәлме-дәл көшіргеннен, қайсысы түпнұсқа, қайсысы көшірме екенін ажырата алмайсың. Тек қолданғаннан кейін ғана байқала бастайды. Аңқау, қарапайым халықты алдау оңай әрине. «Түпнұсқа» деп көшірмесін сала салу да айлакер саудагердің шеберлігі. Бірақ біршама уақыттан кейін тұтынушылардың қарғысын арқалап, тіпті ісін мойындамайтындары да бар. Бұл Қытаймен сауданың ең ащы көрінісі.
Енді көршілес Өзбекстан мемлекетінің өніміне тоқталсақ. Өзбек халқы қазақ елінің нарығында бұрыннан бар. Бірақ осы жылы ғана кеңінен тарап, сапалы тауарларымен Қазақстанды жаулауда. Әр елдің саудадағы икемі әртүрлі. Осы тұста киім жағынан Ташкент өнімдері қытайлықтарға қарағанда алда. Иә, сапасы экранның арғы жағында отырып қарасаң да көрініп тұр. Ал, бағасы біздің елдегі нарықтан әлдеқайда арзанырақ. Ашығын айтқанда, құндақтағы сәбидің киімінен бастап, үлкен адамдардың киіміне дейін біздің саудагерлер Ташкенттен әкеледі. Әсіресе, балалар киімі. Олардың тігіп шығарған әрбір киімі мен үлгісі қайталанбайды. Бір үлгіде бірнеше өлшем болғанымен, егер сұраныс болса қайта тіктіруге мүмкіндік бар. Бірақ, кез келген тауарды зауыттан тікелей данасына төлеп емес, киллограммен өлшеп аласың. Бір зауытта мыңдаған түрлі тауарлар бар. Керегіңді таңдап, өлшеп алып кете бересің. Тіпті елге келіп, үстіне азын-аулақ ақша қойып сатсаң да ұтылмайсың, әрі ұялмай сатасың. Тұтынушының алғысына да бөленіп, артылғанын балаларыңа да кигізіп үлгересің. Осы тұста әлеуметтік желіде «Ташкентпен бизнес» секілді түрлі блогерлердің курсы сатылымға шыққан. Одан қалды «мектеп формасының түрлісі бар» деп қызықтырып, жүзге жуық зауыттың нөмірін жинақтап сатуды қолға алғандар да аз емес. Бұл өз еліміздегі нарықтың бағасының жоғары болуы. Базардағы бір киімге қолың тиіп кетсе ойындағы бағасын сарт еткізіп айта салатын саудагерлер де бар. Анығында қазіргі халық та қараңғы емес. Базардағы заттың көтерме бағасын біліп тұрады. Бірақ бірге-бір жарым қосып сататын саудагерлерден бірден қашасың. Осындай өз пайдасын ойлаған адамдардан өз еліміздің нарығы ешқашан ұтымды болмайды.
Қытай халқының істеп жатқан кез келген дүниесі қазақ халқының қолынан келері анық. Бірақ сапасы бағасына сай болу үшін біршама еңбектенеді. Ал, өзбек ағайындардың шығарып жатқан киімі біздің елде де тігіліп жатыр. Оны бірақ қарапайым халық байқап жатқан да жоқ. «Өз еліміздікі – өндірістікі» деп ауыз толтырып айтарлықтай күнге де жетеміз. Әзірге сәбиге арналған сапалы киімдердің өз елімізде қолжетімді бағада тігіліп жатқанын білесіз бе? Ұлттық нақыштағы күнделікті киімдердің «трендке» бірте-бірте айналып жатқанын және оны қытайлықтардың дәлме-дәл көшіріп жатқанын байқадыңыз ба? Иә, бұл шындық. Қытай елінің арнайы сауда жасайтын платформасына қазақы нақыштағы күртешені іздеуге шығарсаңыз, дәл көшірмесі сатылымда түрғанын көресіз. Бұл Қытай елі Қазақстанның нарығын көз айырмай бақылап отырғанының көрінісі.
Әр заттың сапалы болуы маңызды. Ол балаларға арналған киім болсын, ойыншық болсын. Сондықтан сауда жасарда тексеріп алған тиімді. Берекелі сауда үшін өз ісіңе адал болуың шарт. Өзіңе тиімді, халыққа сапалы әрі бағасы да қолжетімді дүние болса халық сыртқа ағылмасы анық.
Г.ТАБЫНБАЙ











