Байерге сенім арта аласыз ба?
«Bayer» ұғымы Қазақстанда осыдан бес-алты жыл бұрын кеңінен қолданыла бастады. Өз елінде жоқ немесе шамадан тыс қымбат тұратын затты байер арқылы алдыру тек қалталы адамдардың тірлігі дейтін едік. Ал қазіргі таңда бұл ой мүлде өзгерген. Өзге елдің тауарларын Қазақстанға қолжетімді бағада жеткізетін «байерлер» саны жыл санап артуда. Қайсысына сенеміз? «Байер» болу үшін ресми тіркелу маңызды ма? Тіркелмесе қандай қиындықтар болады? Осы сұрақтардың жауабын бірге іздейік.Кез келген байер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі маңызды. Арнайы «байер» екенін растайтын құжаттар болуы шарт. Егерде тұтынушы тапсырыс берген заттың бағасының үстінен пайда көретін болса, ол міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Бірақ қазіргі таңда тіркелмей, ресми құжаттары болмай, жұмыс істеп жүрген байерлер саны күн санап артуда. Байер болу үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Тұтынушының сұраған затын міндетті түрде үйіне дейін жеткізіп беруі шарт. Қынжылтатын бір жағдай бар. Яғни, байерлер қаптаған заманда сенімді адам табу өте қиын. Мысалы, Түркия елінен бағалы алтын тапсырыс бердік делік. Бірақ арада ешқандай келісімшарт жоқ. Төлемді алдын ала төлеуің керек. «Қазақпыз ғой» деген ақ ниетпен сол байерге сенім арттың. Алайда тапсырысың келісілген уақытта келмеді. «Келетін шығар» деп күттің, байланысқа шықсаң «шекарада тексеруде» немесе «дайын болу уақыты кешігуде» деп алдаусыратады. Бұл сөзіне де сеніп, уақытыңды босқа күтумен өткізесің. Тағы байланысқа шығайын десең байланыс жоқ. Арада ешқандай құжат жоқ. Құқық қорғау органдарына барып арыздансаң да, сенде дәлел жоқ.
Сондықтан белгілі бір үлкен қаражатқа тауар немесе қымбат дүниелер тапсырыс бермес бұрын алдын ала байерді толығымен зерттеп алу маңызды. Алдымен кәсіпкер екенін растайтын құжат пен тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы келісімшартты талап ету керек. Сонымен қатар, ол құжаттардың жалған еместігіне көз жеткізіп, төлемді арнайы БСН арқылы аударуы шарт. Ал, байердің тұтынушы алдындағы міндеті – тапсырыс берілген затты уақытында жеткізу. Ол тауардың суреттегі тауармен дәлме-дәл сәйкес келіп, түпнұсқа болуы керек.
Байерге сенім артып, алаяқтарға алданған қазақстандықтардың саны да аз емес. Бұл көрсеткіш бойынша ресми ақпарат тіркелмеген. Бірақ, соңғы үш жыл ішінде байерлерге алданған 5 мың қазақстандық туралы ақпарат бар. Бұл істің жалпы шығыны 30 миллиард теңгені құраған. Ал жәбірленушілер қатарында көбіне әйелдер, үйде отырған аналар болған. «Үйде отырып табыс табайын» деген оймен бар жиған-тергенін өзге адамға бере салады. Оның жалған кері байланысын көріп, шынайы деп қабылдайды. Байердің «іші бауырына кіріп» сөйлегенінен қалай алданғанын байқамай да қалады. Бұл – отбасында туындайтын үлкен жанжалдың басты себебі.
Қазіргі таңда байерге жүгінбей-ақ арнайы платформалардан тапсырыс беруге болатынын халық бірте-бірте ұғынуда. Бірақ әлеуметтік желідегі өзінің қызметін ұсынған байерлердің жарнамасы көз қызықтырары анық. Көтерме бағамен сапалы дүние аламын деп ойлаған, саудаға енді аяқ басқан жандардың күткен тауары мен келген тауары сәйкес келмей жатады. Оған себеп, әлеуметтік желідегі сапалы контенттің арбауы. Сол бір видео арқылы қаншама адамды жинап алады да, өзге, сатуға да келмейтін сапасыз дүниені жібере салады. Солай өз пайдасын ойлаған кейбір байердің жауапсыздығы мен дүниеқоңыздығынан көптеген адам зардап шегуде. Тіпті саудадан мүлде хабары жоқ «блогерлерде» тауарлы бизнеске, соның ішінде байерлікке бет бұрғаны сенімге селкеу келтіреді. Төлем төленгенімен қолына тауар алмаған қаншама халықтың ашынған қарғысы олар үшін түк те емес. Дәлел ретінде арада келісімшарт болса да өз ісіне немқұрайлы қарайтын блогерлердің қатары да бар. Бұған мемлекет тарапынан шектеу қойылмаса, тыйылмайтыны анық. Оған алданған адамдардың саны да азаймас.
Сапалы тауар қолжетімді болғанын қаласаңыз, арнайы платформалардан тапсырыс беріп көріңіз. Олардың жеткізу қызметі де әлдеқайда тезірек. Бірақ «мынау арзан екен» деп суретке алданып, сапасыз дүниеге жүгінбеңіз. Сапалы заттың бағасы да өзіне сай әдемі болады. Әлеуметтік желідегі жылтыраған дүниеге қызықпаңыз. Ал саудагерлер көтерме бағада сапалы тауарды алғысы келсе, байерге жүгінбей, сол адамға төлеген қаржыға өзі барып, көзбен көріп, ұстап, сезініп алғаны әлдеқайда тиімдірек. Тұтынушыларға да ұялмай сата аласыз әрі жүйкеңізді жұқартпай, өзіңізге сенімді боласыз.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ











