Цифрлық дәуірге нық қадам
Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамның барлық саласына еніп, ел дамуының маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бастап білім беру, денсаулық сақтау, бизнес пен өндіріс салаларына дейінгі бағыттарда цифрландыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұл – уақыт талабына бейімделу ғана емес, болашаққа нық қадам басудың маңызды шарты. Цифрлық даму арқылы біз жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экономиканың тиімділігін көтеруге және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік аламыз. Сондықтан цифрлық дамуға бастар жол – бүгінгі таңда әрбір азамат пен қоғам үшін ортақ мақсатқа айналуы тиіс.Бұл ретте цифрлық технологияның қоғамдағы қолданысы кеңіп келеді. Атап айтар болсақ, eGov GPT интеллектуалды цифрлық ассистенті өз қызметін бастағалы көп уақыт өтпесе де, бүгінде функционалдық аясы ауқымды. Бұл сервис азаматтарға өмірлік жағдайдың мәтіндік сипаттамасы бойынша нысандар мен анықтамаларды өз бетінше іздемей-ақ қызмет алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлаған болатын. Аталған дерекке сүйенсек, мемлекеттік қызметтердің 70 пайызы eGov GPT-ге көшірілетін болады.
Сондай-ақ мектеп бағдарламасына жасанды интеллект пәні енгізілуде. Атап айтқанда 1-4 сыныптар үшін «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгертілсе, 5-11 сыныптар үшін «Информатика пәні» «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде бала бойына мектеп жасынан бастап қажетті дағдыларды енгізе отырып, мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады. Жасанды интеллект дамыған сайын оны қауіпсіз қолдану басты мәселеге айналуда.
Сондай-ақ елімізде жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамту, нотариат саласына биометриялық сәйкестендіру мен ЖИ сияқты жаңашылдықтар енгізіледі. Бұл мәселелер Үкімет отырысында кеңінен талқыланды.
Осы орайда аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, жасанды интеллект негізінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің экожүйесіне қатысты мәселе талқыланды. Аудан басшысы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және азаматтардың өтініштерін сапалы әрі белгіленген мерзімде қарау басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызмет көрсету – халықпен тікелей жұмыс істеудің маңызды тетігі. Сондықтан әрбір қызмет сапалы, қолжетімді әрі белгіленген мерзімде көрсетілуі тиіс. Заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру қажет, – деді аудан әкімі.
Жиында мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің сапасын тұрақты бақылауда ұстау, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді белгіленген мерзімде қарау және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар қосымша мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
Цифрлық даму – ел болашағының берік негізін қалыптастыратын маңызды бағыт. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы қоғамның мүмкіндігін кеңейтіп, уақытты үнемдеп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға болады. Цифрландыру – тек технологиялық жаңғыру емес, ол адамның ойлау жүйесін, жұмыс тәсілін және қоғамның даму қарқынын өзгертетін үлкен үдеріс. Сондықтан цифрлық өзгерістерді дұрыс пайдаланып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылу – жарқын болашаққа бастар ортақ жол.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз











