Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың 12 тамыз – халықаралық жастар күні мерекесімен құттықтауы!

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың 12 тамыз – халықаралық жастар күні мерекесімен құттықтауы!

Құрметті Сырдың жалынды жастары!

Сіздерді 12 тамыз - Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі жас буын - мемлекетіміздің ең басты капиталы, еліміздің берік тірегі және жарқын болашағымыздың сенімді кепілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде жастар ерекше рөл атқарады. Біз білімді, отансүйгіш және еңбекқор ұрпаққа әрдайым қолдау көрсетеміз» деген болатын.

Бүгінде Сыр жастарының саны 248 мыңнан асады, яғни аймақ халқының шамамен 30 пайызы. Бұл - үлкен әрі қозғаушы күш.
Сондықтан жас ұрпақтың сапалы білім алып, еңбек етуіне, кәсіпкерлік әлеуеті мен өз-өзін жан-жақты дамытуына қолайлы жағдай жасау - біздің басты міндетіміз.

Сіздер білім мен ғылым, спорт пен мәдениет, кәсіпкерлік салаларында, қоғамдық жұмыста белсенділік танытып, маңызды бастамалар мен экологиялық іс-шараларға атсалысып, туған жерді өркендетуге үлес қосып келесіздер.

Жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданып, екі жылда 200-ден астам отбасы үйлі болды.

Президентіміз бен Үкіметтің тікелей қолдауының арқасында жастарға арналған заманауи нысандар бой көтерді.
Олардың қатарында Өнер, Отбасы, «Анаға тағзым», Теннис, Құзыреттілік, «AI-Kerim» оқу-сауықтыру, аудандардағы Руханият орталықтары, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Оқушылар сарайы», «Kaysar Arena» стадионы, қайта жаңғыртылған Президент саябағы, Ботаникалық бақ бар.
Бұл нысандар дарынды жастардың дара жолын қалыптастыруға ықпал етіп, жаңа мүмкіндіктер есігін ашуда.

Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдениет және спорт салаларындағы жастардың қолтаңбасы мен жетістіктері - біз үшін зор мақтаныш. Алдағы уақытта да бойларыңыздағы жаңашылдыққа ұмтылысты, асқақ рух пен жасампаз қуатты өңірімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер.
Біз жас мамандарды жан-жақты қолдауды, сапалы білім беру және жаңа жұмыс орындарын ашуды жүйелі түрде жалғастырамыз.

Баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас қуат, жаңа мақсаттар мен биік асуларды бағындыруды тілеймін!
Еліміздің өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

12 тамыз 2026 ж. 71 0