14 тамыздан бастап еGov-та цифрлық құжаттарды алу тәртібі өзгереді: Нені білу қажет?
14 тамыздан бастап Қазақстанда eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттарды пайдалану тәртібі жаңарады. Енді жеке куәлік пен басқа да цифрлық құжаттарды үшінші тұлғаға көрсету тек уақытша QR-код немесе бір минутқа дейін жарамды код арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.Жаңа тәртіпке сәйкес құжат иесі алдымен eGov Mobile қосымшасына кіріп, қажетті цифрлық құжатты таңдап, оны көрсетуге келісім беруі қажет. Осыдан кейін жүйе уақытша QR-код немесе қысқа код шығарады.
Құжатты тексеретін адам QR-кодты сканерлеп, берілген қысқа кодты енгізуі керек. Қызмет құжатты көрсетпес бұрын иесінің келісімі бар-жоғын, кодтың жарамдылық мерзімі өтіп кетпегенін және құжаттың өзекті екенін тексереді. Егер осы талаптардың бірі орындалмаса, құжатқа қолжетімділік берілмейді.
Сонымен қатар қысқа код құжат иесінің тіркелген телефон нөміріне SMS арқылы да жіберілуі мүмкін. Бұл жағдайда пайдаланушы кодты өзі тексерушіге ұсынады.
Жаңа ережеге сәйкес цифрлық құжаттарды банк және өзге де қаржылық қызметтерді алу кезінде де қолдануға болады. Ол үшін құжат иесі оны көрсетуге келісім беруі қажет.
Жаңа қағидалар Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бұйрығымен бекітілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жаңа қызметті іске қосты. Соған сәйкес, ел тұрғындары дайын жүргізуші куәлігін, көлік құжаты мен нөмірін тапсырыспен үйге алдыра алады.









