«Хайп» жазаға айналмасын
Қазіргі цифрлық дамыған уақытта әлеуметтік желі арқылы кез келген тақырыппен «хайп» қуалап, қысқа уақытта желі жұлдызына айналып жатқандар аз емес.Тіпті, арнайы іс-әрекетімен қоғамның назарын аударып, оқырман жинаудың бір жолына айналған.Сол бір «хайптың» арқасында өзінің өнімін оқырманына ұсыну арқылы немесе белгілі бір брендті жарнамалап, ақысын тауып отыр. Бұл заманауи қоғам үшін үйреншікті жағдайға айналмасына кім кепіл?Әлеуметтік желі мен жасанды интеллектінің қарқын алуы заман ағымына сай болғанымен өскелең ұрпақтың санасына теріс әсерін беретіні анық. Өйткені кез келген әлеуметтік желіге жүктелген бір видео қысқа уақыттың ішінде миллиондаған қаралым жинап, тіпті кейбірі «трендке» айналып жатады. Ол дамушы ұрпақтың миының қалыпты жұмыс істеуін шектеп, денсаулығына кері әсерін берері мәлім. Желі қолданушысының назарын аударамын деп, бейәдеп қылыққа барған жастардың қатары азаймай тұр. Арасында қоғамның ашуына тиген бірнеше жас айыппұл төлеп, әкімшілік қамауға алынып жатқаны да бар. Бұл қазіргі жастардың оғаш әрекеті келешек жасөспірімге сабақ бола ма? Соның бірнешеуіне тоқталып өтсек.
Алматы қаласындағы колледж түлегі дипломды табыстау сәтінде өзінің дипломын қолға алған бойда жыртқан. Бұл әрекеті камера түсіріліп, әлеуметтік желіге жүктелген. Желі қолданушыларының назарын аудартқан әрекеті сынға қалып, көпшіліктің ашуын туғызды. Осылай ол «хайп» қуалаймын деп әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда елдің көңілін аудару мақсатында істелген бұл әркетін тексеру барысында түлектің дипломының түпнұсқасы, оған қоса берілген қосымшасы және оқу орны тапбыстаған түпнұсқа мұқабасы бүлінбеген. Видеода алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған екен. Соған қарамастан, қоғамда түрлі пікір қалыптасуына әсер еткен видео полицияның тексеру жүргізуіне негіз болған.
Отбасылық жанжал мен түсініспеушілікті айтып, видео жүктейтін жас жұп та көбейді. Тіпті, «тоқал» мәселесі де көтеріліп, бір блогердің екінші рет үйленгені де қоғамды назарсыз қалдырмады. Түрлі пікір мен ойдың тоғысқан жері желі қолданушысының тартысты әрі қызықты пікірталасына айналған. Бұл әрине блогер үшін «нәпақа» табудың оңтайлы сәті. Мыңдаған оқырман жиналып, профильдің «охваты» миллиондаған қаралымға жеткен. Белсенділік азайып бара жатса оқырманың қызығушылығын тудыратын түрлі «сценарий» ойлап тауып, қоғам назарынан түспейді. Оны көріп, бақылап отырған жас ұрпақ осылай да «дұрыс» екен ғой деген пікірде қалады. Жалпы, желі белсендісі блогта өмірінің 20 пайызын ғана көрсетеді. Қалғаны көзбояушылық пен алдамшы іс-әрекет. Осыны халық біле тұра қызығушылығын тоқтатар емес.
Тағы бір желінің қызу талқысына қалған жағдайбар. «Тренд» түсіремін деп автокөлік жолын қоқысқа толтырған блогерде жазасыз қалмады. Елдің ашуын тудырып, айыппұл арқалаған бойжеткен халық алдынан кешірім сұрады.
«Хайп» қуалаймын деп, түзу жолда тайып құлайтын жастардың қатары күн санап артуда. Желі қолданушыларға шектеу қойылмаса болашақта елестету қиынның-қиыны. Айыппұл арқалап, қамауға алынса да «хайп» қуалайтын жандар көп. Сондықтан желі қолданушыларына арнайы белгілі бір ереже қалыптастыру қажет. Өскелең ұрпақтың тура жолдан таймай, дұрыс қалыптасуы ата-ананың ғана жауапкершілігінде емес, қоғамда өз үлесін қосу керек. Өмірлік азық болатын түрлі пайдалы дүние ешқашан артық етпейді.
Г. ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ










