Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

18 қараша 2025 ж.

№87 газет

15 қараша 2025 ж.

№ 86 газет

11 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Жасанды интеллект жаңа дәуірдің кілті ме?

Жасанды интеллект жаңа дәуірдің кілті ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллекті барынша тиімді пайдалану керектігін айтып өтті.
«Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ал бүгінде Мемлекет басшысының бұл бастаманы көтергеніне көп уақыт өтпесе де халық арасында жасанды интеллект түрлі бағытта пайдаланылып, кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңдағы жасанды интеллектінің қарқыны мен қай бағытта ауқымды дамып жатқаны, сондай-ақ ол дұрыс немесе бұрыс бағытта екендігіне тоқталып өтеміз.

Жасанды интеллект – елдің бола­шағымен байланыс­ты мықты мүмкіндіктер қатары. Сондықтан жыл ағы­мына қарай әлеуметтік желінің ауқым­дылығы да артып, бүкіл әлемді таңқалдыруда. Бұл жүйенің күн сайын түрлі бағытта дамуы жақсы әрине, бірақ жасанды интеллекттің мүмкіндігі артып келе жатқандықтан кей тұстары халыққа кері әсерін тигізуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін білім саласында барынша тиімді пайдалануды ұсынған болатын. Жалпы ЖИ – қай бағытта болсын көмекші құрал. Тек оны тиімді пайдаланып, дұрыс жолда қолдана білу керек. Оның мүмкіндігі біз ойлағаннан да көп әрі зор. Тіпті анимация саласын дамытуда қарқынды орын алатыны анық. Бірақ оны барынша мұқият пайдаланып, қолданушы тұлғаларға кері әсер етпеуін де қолға алу маңызды.



Сондай-ақ бүгінде әлеуметтік желі­лерде кеңінен таралып, ЖИ арқылы жасалып жатқан белгілі тұлғалардың бейнесі арқылы пранк жасау «трендке» айналып кетті. Ал бұдан бөлек, бұл жасанды интеллекттің мүмкіндігі кей тұста зиянын тигізіп, алаяқтардың құрбаны болып жатқандар да қаншама. Осы тақырыпқа кеңінен тоқталып, мәселені жан-жақты тарқатайық.

ЖАЗА АРҚАЛАУ ОҢАЙ

Қазіргі таңда қай әлеуметтік желіні ашсаң да пранк жасағыштар қатары азаймай тұр. Жасанды интеллекті немесе фоторедакторды пайдаланып, белгілі тұлғалардың бейнесі арқылы басшыларына «пранк» жасау тиктоктың трендіне айналып кетті. Тіпті белгілі тұлғалардан бөлек, Мемлекет басшысының, сондай-ақ өзге де ел президенттерінің суретін ЖИ арқылы пайдаланып, пранк жасау азаймай тұр. Сонымен қатар осындай бейнелер арқылы халық арасында арандатушылық туғызатын жайттар да орын алуда. «Пранк» және «хайп» деп әлеуметтік желі арқылы кәсібін дөңгелетіп отырғандар соны түсіріп әлек. Ал оның жазасын ұғынатын жандар бар ма? Әр істің соңы болатыны белгілі. Осылай белгілі тұлғалардың суретін пайдаланып «пранк» жасау, сондай-ақ қоғамдық ортада «хайп» үшін халықтың назарын аударатындай құйтұрқы әрекет жасау енді жазасыз қалмайды. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі халыққа үндеу жасады. «Ulysmedia.kz» сайтында ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «хайп» пен «пранк» үшін түрлі арандатушылық іс-әрекеттер жаса­­лып жатқанын, сон­дай-ақ белгілі тұлғалардың бейнесін рұқсатсыз қол­дану жауапкершілікті талап ететінін айтып өтті.

«Баршаға, әсіресе жастарға айтарымыз: күмәнді интернет-трендтерге ермеңіздер. Өзіңізді де, айналадағы адамдарды да құрметтеңіздер. Нағыз құрмет пен абырой жақсы іс, пайдалы ой, дұрыс әрекет арқылы келеді. ІІМ мұндай жағдайларға қатаң тосқауыл қойып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жал­ғастыратын болады» деді ІІМ ресми өкілі.


Жастардың арасында кең әрі тез таралатын бұл «пранк» немесе «хайп» тек өз орнымен жүзеге асуы тиіс. Кез келген адамның суретін орынсыз пайдалану мүлде заңға қайшы нәрсе. Сондай-ақ оны тек кәсібін жүргізу мақсатында пайдаланып қана қоймай, басшыларының ашу-ызасын туғызып, оған түрлі пікірлер жазылуы бекерден-бекер емес. Сондықтан әр іс-әрекетті мұқият ойланып, орнымен жүзеге асыру керек. Ешкімге қысым әрі зиян тимейтіндей жан-жақты болу маңызды. Өйткені әлеуметтік желіде шек жоқ. Тіпті оған қоса жасанды интеллектті пайдаланып, мүмкіндікті алаяқтар тиімді қолдануда.


Оның бір дәлелі алаяқтар белгілі блогерлердің, мемлекеттік қыз­мет­керлердің бейнесін жасанды интеллект арқылы бейнеролик жасап, әлеуметтік желіге сол адамның дауысын айнытпай қайталауы арқылы «ұтыс ойнатып жатырмын» немесе «байқау ұйымдастырып жатырмын» деген бейнеүндеулер жүктеуі нағыз сорақылық. Әдейі елдің алдында жүріп, халықтың сеніміне кірген адамның бейнесін пайдалануы да бекер емес. Сондай-ақ «WhatsApp» желі­сі арқылы да кей жеке адамдардың деректері алаяқтардың қолына түсіп, ақша бопсалау іс-әрекеттері де азаяр емес. Бұл алаяқтықтың алдын алу шаралары да қарастырылып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен кибер қылмысқа қарсы күрес күшейтіліп жатқандықтан, аталған мәселе өз шешімін табатынына күмән жоқ. Алайда алдағы уақытта жасанды интеллект біршама бағытта жиі пайдаланылатын болса, интернет-алаяқтық та күшейетіні анық. Сондықтан жасанды интеллектті барынша тиімді пайдаланып, кибер қылмысқа қарсы іс-әрекеттің де сапасын арттыру маңызды. Ол үшін арнайы заңға да өзгерістер енгізілетіні белгілі.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ –
БІЛІМ САЛАСЫНДА

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интел­лектті білім саласында кеңінен әрі тиімді пайдалану керектігін айтып өткен болатын. Қазіргі таңда бұл ЖИ мұғалімдердің көмекшісі ме, әлде орнын алмастыратын жүйе ме? Бұл сұрақ қоғамда жиі кездеседі. Жалпы бұл жүйені қызметінде көмекші құралы ретінде пайдаланатын мұғалімдер қа­та­­ры көбейіп келе жатыр. Оның көбі – жас ұстаздар. Бұл жүйе жас ұрпақты қызықтырары сөзсіз. Сондықтан болса керек сергіту сәтіне арнайы жасанды интеллект арқылы бейнеролик жасап, оқушылардың оқуға деген құлшынысы мен қызығушылығын ашуда. Түрлі-түсті бейне арқылы оқушының зейі­нін ашудың ең оңтайлы жолы. Бұл көрнекілік пен бейнелер арқылы бала­ның миы оянып, сабаққа деген зейіні ашылады.


Жалпы мұғалімнің күнделікті саба­ғына дайындалуы, жаңа креативті ойлармен бастауы ұтымды болып табылады. Бұрынғы әдіс-тәсілдер қол­даныстан шығып, оқушылардың назарын аударатын көрнекілік құралдар мен бейнеролик жасау қазіргі таңда ең тиімді әрі пайдалы әдіс-тәсілдердің бірі. Өйткені бұрынғыдай жаңа тақырыпты іш пыстырарлық күйде түсіндіріп өту балалардың назарын аудармайды, қайта керісінше миын шаршатып, ұйқыға әрі жалығуға әкеп соғады. Қазіргі өскелең ұрпақ бір сарында тұра алмайды. Олардың миы тез жалығады. Сондықтан болса керек, Мемлекет басшысының да бұл жасанды интеллектті білім саласында барынша тиімді қолдану керектігін алға тартқаны. Бүгінде жас ұрпақтың дамуы тікелей цифрлық технологияға байланысты. Уақыт өте келе баланың дамуы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Сол себепті бұл жасанды интеллект ұстаздар үшін әрі көмекші құрал, оқушылар үшін – пайдалы білім жүйесі.


Бүгінде осы ЖИ-дің білім саласында қандай рөл атқарып, сабақ барысында қандай өзгерістер болып жатқандығы туралы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Айгүл Маратбекқызы өз пікірін білдірді.


– Қазіргі таңда жасанды интеллект білім саласына белсенді түрде енгізіліп келе жатыр. 16 жыл бойы информатика пәнін оқыта жүріп, бір маңызды өзгерісті байқадым. Бұрын цифрлық технологиялар тек құрал болса, бүгінде ЖИ – оқушының да, мұғалімнің де жеке көмекшісіне айналып отыр. Сабақ беру барысында ЖИ-дің тигізетін пайдасы орасан зор. Өйткені оны бір пайдаландың ба, келесі сабағыңды оқушылар асыға күтетін болады. Сабақ оқуға деген құлшынысы ашылып, өтіліп жатқан тақырып бойынша одан әрі зерттеп, білгісі келіп тұрады. Түрлі-түсті бейнелер оқушылардың қызығушылығын ашып қана қоймайды, миын оятады. Сондай-ақ жасанды интеллекттен бөлек әдемі көрнекіліктер де балалардың оқуға деген құлшынысын арттырады. Бұл бастама оқушылар тарапынан да, мұғалімдер тарапынан да ең оңтайлы шешім болды. Сонымен қатар біздің жасанды интеллектпен жұмыс істеуіміз тек бас­тамасы екені анық. Алдағы уақытта кеңінен қолданыс тапса, сабақ өту барысы одан әрі қызықты болары сөзсіз, – дейді ұстаз.


Жалпы «Google Workspace» жә­не кіріктірілген «AI» құралдары – мұғалім­дердің көмекшісі. Осы жүйелер арқылы қысқа мерзімді жоспар дайындап, қызықты тапсырмалар әзірлеуге де болады. Әрине жасанды интеллект қалай істеп берді, дәл солай қоя салмау керек, оны сүзгіден өткізіп, барынша мұқият болу қажет. Бұл көмекші құралдардың қатары келешекте артары сөзсіз. Өйт­кені жасанды интеллект мүғалімдер үшін өте тиімді жүйе. Сондықтан оның мүмкіндігін барынша пайдалану керек.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІҢ КЕЛЕШЕГІ

Жасанды интеллект – жаһандық дамудың мүмкіндігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында цифр­­­лық құралдарды қай сала болсын мүмкіндігінше тиімді пайдалану керектігін алға тартқан болатын.


«Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап өткен еді.


Жалпы қай сала болсын, цифрлық даму өте маңызды. Өзгерістер күн са­йын артуда. Сон­дықтан кәсіпкерлік саласы болсын, білім саласы, гео­логиялық бағыт болсын, болашақта цифрлық даму қар­қынды орын алатыны анық. Оны әрі қарай кеңінен дамыта білу біз үшін өте маңызды. Себебі, елдің қарқын алып, елдер арасында көш бастауы тікелей цифрлық өзгеріске байланыс­ты. Оның ішінде, жасанды интеллект маңызды рөл атқарады. Тек оны тиімді әрі дұрыс пайдалану керек. Оның бұрыс жағында ойлап, оның алдын алу шараларын алдын ала дайындауымыз маңызды. Өскелең ұрпақтың бұл жасанды интеллектке тікелей қатысы бар. Өйткені болашақ сол жас ұрпақтың қолында. Сондықтан әр жасаған жүйе болсын, құрылғы болсын келешекке сай болуы керек. Жыл сайын, тіпті ай сайын әлеуметтік жүйелер өзгерген сияқты, жасанды интеллект те дамиды. Сол себепті осы бір қарқыннан қалып қоймай, келешек үшін жұмыс істеуіміз маңызды. Әсіресе жоғарыда атап өткендей, білім саласы жыл сайын өзгеріс үстінде болуы керек. Тіпті ол басқа сала болсын, қазіргі таңда жасанды интеллектпен жұмыс істеу тиімді әрі пайдалы. Бірақ келеңсіз жайттың алдын алу шараларын да ұмытпау керек.


Қорытындылай келе, жасанды интеллект – еліміздің болашағы үшін өте маңызды рөл атқаратын мүмкіндік. Тек оны дұрыс бағытта қолданып, пайдалана білу қажет. «Пранк» жасаймын, әлеуметтік желі арқылы танымал боламын деп артық кетпеген жөн. «Хайп» қуалап, өміріңе сызат түсіретіндей әрекетке бармаған абзал. Өйткені әлеуметтік желі арқылы жасалған әр іс-әрекет бақылауда. Мейлі ол жасанды интеллект арқылы жасалған болсын, жалған парақша болсын, жазасыз қалмайды. Осыны жұртшылық ұғынса екен. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтан барынша сақтаныңыздар! Қазіргі дамы­ған заман­да бұл мәселе ешқашан өзек­тілігін жоғалтқан емес. Сондықтан барынша жеке мағлұматтарыңызды еш­қандай сайтқа жүктемей, сақ болы­ңыздар!

Ал білім саласында жасанды интеллект маңызды рөл атқаратынын аңғардық. Бұл бастама әрі қарай дамыса, одан әрі ұстаздардың сабағы қызықты өтері сөзсіз. Сондықтан жасанды интеллект, көрнекілік қазіргі сабақ өтудегі ең тиімді әрі қызықты әдіс-тәсілдердің бірі болып отыр. Жалпы жасанды интеллект – еліміздің жарқын болашағы. Десек те оның тиімді тұсын іріктеп пайдалану ма­ңызды.


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

18 қараша 2025 ж. 42 0