Тарихи жетістік: Қазақстанның бес киелі нысаны бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың жартасты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.«Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында оң шешім қабылданды. Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені, төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын (2003 жылы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері). Кейінгі жылдары ғана Президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырды», деп жазды Е.Қарин.
Осы ретте ол ЮНЕСКО тізімінен лайықты орын алу – біз үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
«Комитеттің 48-ші сессиясында сөйлеген сөзімде атап өткенімдей, Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болды. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады. Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкеледі. Әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда, Түркістанда, Қызылордада өткен отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды қосу ісін жан-жақты жандандыруды тапсырған еді. Дәлірек айтсақ, алдымызда таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін, хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Біздің ендігі күш-жігеріміз осыған бағытталады», делінген жазбада.
Фото: Егемен Қазақстан










