Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЮНЕСКО тізіміне енуге үміткер Маңғыстаудың жерасты мешіттері

ЮНЕСКО тізіміне енуге үміткер Маңғыстаудың жерасты мешіттері

Маңғыстау өңіріндегі бес бірегей жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізіліп, әлемдік мәдени мұра мәртебесіне бір қадам жақындады. Бұл нысандар: Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі, Шопан ата және Бекет ата жерасты мешіттері. Қасиетті орындарды ЮНЕСКО өкілі арнайы келіп аралап, қажетті құжаттарды алып кеткен. Қорытынды шешім алдағы жылы жарияланбақ.     Қазақстан тарихы  

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының мамандарының айтуынша, аталған жерасты мешіттері – өңір тарихының, діни-рухани өмірінің және сәулет өнерінің айрықша үлгілері. Бұл орындар ғасырлар бойы жергілікті халықтың тағзым етіп, зиярат ететін қасиетті мекеніне айналған.

Қараман ата жерасты мешіті

Қараман ата қорымы Маңғыстау ауданы аумағында орналасқан және өңірдегі ең көне әрі ірі қорымдардың бірі саналады. Мұнда орта ғасырлардан бастап XIX–XX ғасырларға дейінгі құлпытастар, сағанатамдар мен күмбезді ескерткіштер сақталған. Қорымның батыс бөлігінде орналасқан Қараман ата жерасты мешіті тау жынысын ойып жасалған. Мешіт үш негізгі бөлмеден тұрады: кіреберіс галерея, намаз оқитын зал және Қараман атаның сүйегі жерленген дөңгелек бөлме. Құрылыстың беріктігін қамтамасыз ету үшін тау жынысынан және қолдан қаланған колонналар орнатылған. Ішке жарық түсуі үшін арнайы ойықтар жасалған. Ел аузындағы аңыздарда Қараман ата әділдіктің, анттасудың символы ретінде сипатталады.


Сұлтан үпі жерасты мешіті

Сұлтан үпі жерасты мешіті Түпқараған ауданы аумағында орналасқан және 1982 жылдан бері мемлекет қорғауында. Бұл мешіт тастақ қабатты ойып салынған, бірнеше камерадан тұратын күрделі құрылыс. Барлығы тоғыз бөлмеден құралған мешітке тас баспалдақ арқылы төмен түседі. Негізгі залдың биіктігі шамамен үш метрге жетеді, қабырғалары көлденең қалау тәсілімен өрілген. Жанында орналасқан Сұлтан үпі сайы табиғи көркемдігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, мешіт маңында орналасқан құдықтың суы түбектегі ең тұщы әрі таза сулардың бірі ретінде белгілі.

Шақпақ ата жерасты мешіті

Шақпақ ата жерасты мешіті – Арал-Каспий өңіріндегі қабырғалары жазулар мен суреттерге толы жалғыз жартас мешіті. Зерттеушілер бұл нысанды Қазақстандағы жартасты сәулет өнерінің сирек әрі күрделі үлгісі деп бағалайды. Мешіт маңындағы қорымда түрікмен және қазақ кезеңдеріне тән қабір құрылыстары сақталған. Археологиялық деректерге сүйенсек, бұл жерде алғашқы жерлеулер XIV ғасырдан басталған. Ел аузындағы деректерде Шақпақ ата діни білімді терең меңгерген, шәкірт тәрбиелеген әрі жаугершілік заманда батырлығымен танылған тұлға ретінде айтылады.


Шопан ата жерасты мешіті

Шопан ата жерасты мешіті Қарақия ауданы аумағында, көне Хорезм керуен жолының бойында орналасқан. Қорым аумағында 1600-ден астам тарихи ескерткіш тіркелген. Олардың басым бөлігі – ортағасырлық түрікмен және қазақ тайпаларына тән тас белгілер. Жерасты мешіті бір-бірімен жалғасқан 12 бөлмеден тұрады. Әр бөлменің өзіндік қызметі болған. Олар діни рәсімдерге, бала оқытуға, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған. Шопан атаның жерленген орны терең ойылып жасалған. Аңыздарда ол Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті, тәңіршілдік пен исламды сабақтастырған рухани тұлға ретінде сипатталады.

Бекет ата жерасты мешіті

Оғыланды өңірінде орналасқан Бекет ата жерасты мешіті XVIII–XIX ғасырларға жатады. Ақ бор тасты шатқалдың ортасынан ойылып жасалған бұл мешіт төрт бөлмеден тұрады. Негізгі бөлмеде қасиетті сырық ағашы сақталған, ал бір бөлмеде Бекет атаның өзі жерленген. Бекет Мырзағұлұлы – қазақ тарихындағы ірі рухани және тарихи тұлға. Ол ел қорғаған батыр, діндар ұстаз, сәулетші әрі емші ретінде танылған. Оның жерасты мешіттері тек ғибадат орны ғана емес, білім мен рухани тәрбие орталығы болған.



Фото: Маңғыстау облысы өлкетану қорығы
14 қаңтар 2026 ж. 206 0