Маман атануға берілген мүмкіндік
Жоғары оқу орнына түсуді мақсат еткен талапкерлер үшін тағы бір маңызды кезең басталмақ. Биыл тамыз айындағы ҰБТ-ға қатысуға өтініш қабылдау 25 шілде мен 5 тамыз аралығында жүргізіледі. Барша талапкерге өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының App.testcenter.kz сайты немесе «UTO.kz» мобильді қосымшасы арқылы бере алатынын айта кетейік. Ал тестілеуге келер болсақ, 10-15 тамыз күндері өтеді.Тамыз айындағы ҰБТ – талапкерлерге жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін берілген қосымша мүмкіндік. Әсіресе бұған дейінгі тестілеуде шекті балл жинай алмаған жастар үшін бұл – білімін тағы бір мәрте сынап, өз нәтижесін жақсартуға жол ашатын маңызды кезең болып есептеледі.Бұрынғы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге тағы бір тиімді мүмкіндік қарастырылған. Олар тамыздағы тестілеуге өтініш беру кезінде өздерінің бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады. Бұл талапкердің мамандық таңдауына қайта қарап, өз қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес жаңа бағытты таңдауға мүмкіндік береді. Өтініш беру барысында тестіленушілер тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Бұл талапкерге өз уақытын тиімді жоспарлап, тестілеуге қолайлы жағдайда қатысуға жағдай жасайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, маңызды сынаққа биылғы және өткен жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, қандастар (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған азаматтар, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, алдыңғы оқу жылында шекті балл жинай алмағандықтан ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылданған талапкерлер қатыса алады.
Әрбір талапкерге өз болашағын қалыптастыруға берілген нақты мүмкіндікті жастар тиімді пайдаланғаны абзал. Бір ғана тестілеудің нәтижесі арманнан бас тартуға себеп болмауы тиіс. Тамыз ҰБТ-сы білімін дәлелдеуге, қателікті түзетуге және таңдаған мамандыққа бір қадам жақындауға жол ашады. Болашақ белгілі бір мамандықтың иесі атануға ұмтылған әрбір жастың алдында тұрған сынақ – білім деңгейін саралайтын маңызды кезең. Бір жағынан ҰБТ-дан жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген түлек еліміздің кез келген оқу орнына құжат тапсыра алады. Ақылы негізде оқуға түскен әрбір азамат білім көрсеткішін жақсартып, университет ұсынған грантқа оқып жүріп те қол жеткізуі мүмкін.
Бұл ретте колледж түлегі үшін де қолайлы мүмкіндік қарастырылған. Егер олар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында білімін ақылы негізде жалғастыруды жоспарласа, әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдау жұмысын жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы жүргізеді.
Білім – болашақтың кепілі. Сондықтан талапкерлер үшін ұсынылған әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланып, құжаттарды белгіленген мерзімде рәсімдеу маңызды. Алдағы айда өткізілетін ҰБТ көптеген жасқа армандаған жоғары оқу орнының студенті атануға тағы бір мүмкіндік сыйлайды.
Фото: ашық дереккөз










