Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамыз айындағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау қашан басталады?

Тамыз айындағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау қашан басталады?

Тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға өтініш қабылдау 25 шілдеде басталып, 5 тамызға дейін жалғасады. Өтінішті ҰБТ орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тамыз ҰБТ-сы жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін тестілеуді қайта тапсыруға ниетті талапкерлерге арналған. Алдыңғы ҰБТ-ларда шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тестілеуден қайта өту мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар алдыңғы ҰБТ-ларға қатысқан талапкерлер тамыз ҰБТ-сына өтініш беру кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады.

Өтініш беру барысында тестіленушілер ҰБТ өтетін орнын, күнді және уақытты өздері таңдайды.


Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатыса алады.


Сонымен қатар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинаған түлек Әсет Альтаирмен кездескені туралы хабарлаған едік.

Фото: gov.kz

22 шілде 2026 ж. 67 0