127 мыңға жуық талапкер үміткер
Қазақстанда жоғары білімге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мұны биыл мемлекеттік білім беру гранты конкурсына өтінім берген талапкер саны да айқын көрсетіп отыр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026-2027 оқу жылына арналған грант конкурсына қатысу үшін 127 мыңға жуық талапкер өтініш тапсырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Өткен жылы конкурсқа 113 мың өтініш қабылданған еді. Айта кетейік, 494 сырдариялық та грант иегері атануға үмітті.Биылғы жоғарғы көрсеткіш жастардың сапалы білім алып, болашақ мамандығын мемлекеттік қолдаумен игеруге деген ұмтылысының артып келе жатқанын аңғартады. Елімізде еңбек нарығының сұранысына сәйкес, маман даярлауға басымдық беріліп отырғанын да көрсетеді.
Биыл бакалавриат бағдарламасы бойынша 75 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді. Оның ішінде гранттың 60 пайызы инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына бағытталған. Ел экономикасын әртараптандыруға, өндіріс пен инфрақұрылымды дамытуға қажетті инженерлік кадр даярлауға жасалған маңызды қадам деп білеміз.
Бүгінде гранттың 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға бөлінді. Мемлекет үшін білім беру саласын білікті маманмен қамтамасыз ету маңызды міндеттің бірі екенін аңғарамыз. Қалған 20 пайыз грант еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескере отырып, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жаратылыстану ғылымдары, қызмет көрсету және басқа да бағыт бойынша үлестірілген.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, талапкерлердің басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы», «Педагогикалық ғылымдар» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағытын таңдаған. Қазіргі уақытта техникалық және цифрлық салаға деген қызығушылықтың түлектер арасында жоғары болғанын білеміз.
Соңғы жылдары ақпараттық технология саласының қарқынды дамуы, цифрландыру үдерісі мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған мемлекеттік бастама ІТ мамандығына деген сұранысты арттырды. Сол сияқты инженерлік бағыттағы мамандарға өндіріс орындары мен жаңа инвестициялық жобалардың көбеюіне байланысты қажеттілік те жылдан-жылға өсуде.
Педагогикалық мамандықтарға қызығушылықтың сақталуы да қуантады. Аталған салада мемлекет тарапынан мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеру, жалақыны кезең-кезеңімен арттыру және жұмыс жағдайын жақсарту бойынша қабылданған іс-шараның оң әсері байқалады.
Білім беру гранттарын бөлу кезінде талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі, таңдалған білім беру бағдарламасы және конкурс талабы ескеріледі. Сондықтан талапкер үшін әрбір баллдың маңызы зор.
– Биылғы мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға еліміз бойынша 127 мыңға жуық талапкердің өтініш беруі – жастардың білімге деген құлшынысының айқын көрінісі. Бәсекелестіктің жоғары болуына ерекше мән берген дұрыс. Осындай жауапты кезеңде Сырдария ауданының мектеп түлектеріне зор сенім артамыз. Біздің ауданның оқушылары жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, білім додасында топ жаруда. Орасан жетістік – ұстаздардың кәсіби еңбегі мен ата-аналардың қолдауының, оқушылардың тынымсыз ізденісінің жемісі. Биылғы түлектеріміз де өздерінің білім деңгейін лайықты дәлелдеп, мемлекеттік грант иегері атанып, еліміздің беделді жоғары оқу орындарының студенттері қатарынан көрінеді деп сенемін. Барша талапкерлерге сәттілік, сенімді қадам және жарқын болашақ тілеймін. Әрбір жас өз арманына жетіп, ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасқаны жақсы. Сырдариялық түлектердің мерейі үстем болып, жоғары көрсеткіштерімен ауданымыздың абыройын асқақтата беретініне зор үміт артамыз.
Жалпы, грант конкурсына өтініш білдіруші санының артуы еліміздегі жастардың жоғары білім алуға деген ынтасының жоғары екенін білдіреді. Адами капиталды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесін жастар көруде. Ендігі кезекте талапкер конкурс қорытындысын асыға күтуде. Мемлекеттік грант иегерлері анықталғаннан кейін мыңдаған жас өздері қалаған жоғары оқу орындарында білім алып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті маман болуға алғашқы қадам жасайды.
Фото: ашық дереккөз










