Мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту көзделген
Елімізде жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды реформаның бірі жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Заң мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтіп, олардың өңірлік мәселелерді шешудегі рөлін күшейтуге жол ашатынын айта кетейік. Бұл өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытуға, азаматтардың пікірін ескеруге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.Қабылданған заңдағы басты жаңалыққа тоқталатын болсақ, мәслихат аппараты басшысының құқықтық мәртебесінің алғаш рет заңмен нақты бекітілуі көптің назарын аудартады. Бұған дейін заңнамада толық айқындалмаған бұл институт енді аппараттың күнделікті жұмысын ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметшінің қызметін үйлестіруге және ішкі тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге толық жауап беретін болады.
Аппарат басшысы кадрлық мәселені шешіп қана қоймай, қызметкерлерді тағайындау және қызметтен босату, іс-сапар мен еңбек демалысын рәсімдеу, материалдық көмек көрсету, кәсіби біліктілігін арттыру жұмысын ұйымдастыру секілді міндетті де атқарады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шарасын іске асырып, мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссиялардың жұмысын үйлестіреді.
Жаңа заң мәслихат депутаттарының да ықпалын күшейтеді. Енді олар әкімдердің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелердің қалай орындалып жатқанын ресми түрде қарап, атқарушы органдардың есептерін талдай алады. Аталған бастама тұрғындардың талап-тілегінің орындалуына бақылауды күшейтіп, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Маңызды жаңалықтың бірі – депутаттардың бюджеттік комиссияның жұмысына қатысу құқығының берілуі. Осы арқылы мәслихат мүшелері жергілікті бюджетті жоспарлау мен қаржының мақсатты жұмсалуына тікелей бақылау жүргізе алады. Бюджет қаражатының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам саналады.
Заң аясында мәслихаттың құзыретіне елді мекеннің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету қағидасын бекіту міндеті де енгізілді. Бұдан бөлек, тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау құқығы да жергілікті өкілді органға беріліп отыр.
Депутаттық бақылауды күшейтетін тағы бір өзгеріс – депутаттық сауалдарға жауап беру мерзімінің екі есеге қысқаруы. Бұрын мемлекеттік органдар мұндай сауалдарға 30 күн ішінде жауап берсе, енді бұл мерзім 15 күнмен шектеледі. Соның нәтижесінде өңір тұрғындарының мәселелері жедел қаралып, олардың шешілуіне бақылау күшейеді.
Заң жергілікті қоғамдастық жиналыстарының мүмкіндіктерін де кеңейтеді. Тұрғындардың өз ауылдары мен елді мекендерінің дамуына қатысты шешімді талқылауға және қабылдауға белсенді араласуына жағдай жасайды.
Құжатта мәслихат төрағаларына қатысты жаңа талап енгізілді. Енді бір адам облыстық, аудандық немесе республикалық маңызы бар қала мен астана мәслихатының төрағасы қызметін қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды. Бұл жаңашылдық басқару жүйесінде кадрлық жаңаруды қамтамасыз етіп, жергілікті өкілді органдардың ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Парламентте мәслихат депутаттарына жергілікті бюджетке өзгерістер енгізу құқығын беру мәселесі де қолдау тапты. Егер бұл бастама толық іске асса, депутаттардың өңірлік жобаларды қаржыландыруға және бюджет қаражатын бөлуде ықпалы бұрынғыдан да арта түседі.
Жаңа заң 2026 жылғы 26 шілдеден бастап күшіне енеді. Сарапшылардың бағалауынша, қабылданған өзгерістер жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, мәслихаттардың дербестігін нығайтуға және халықтың жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге елеулі үлес қосады.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











