Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№50 газет

04 шілде 2026 ж.

№49 газет

30 маусым 2026 ж.

№48 газет

27 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Орасан жетістік жігерлендіреді

Орасан жетістік жігерлендіреді

Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен еңбек ардагері Машбек Нәлібаевтың 100 жылдығына арналған «Маңдай термен келген мәртебе» атты мәдени-демалыс кешендерінің облыстық байқауы жоғары деңгейде өтті. Облысқа қарасты Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан келген өнер ұжымының басын қосқан тағылымды іс-шарада Сырдария аудандық мәдениет үйі жанындағы «Зерде» мәдени-демалыс кешені сәтті өнер көрсетті. Жергілікті өнерпаздар жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қа­ты­су­шылар Машбек Нәлі­баев­тың өмірі мен еңбек жолын қамтыған бейнеролик ұсын­ды. Жасанды интеллект технологиясының көмегімен дайын­далған бейнероликте еңбек ардагерінің ел дамуына қосқан үлесі, туған жер­дің өркендеуіне сіңірген еңбегі әсерлі түрде көрсетілді. Келесі екі кезеңде «Зерде» мәдени-демалыс кешенінің өнер­паздары шығармашылық шебер­ліктерін паш етті. Ән мен сахналық қойылым арқылы көрермен ықыласына бөленіп, аудан мәдениетінің әлеуетін лайықты деңгейде таныс­тырды.


Жалпы алғанда, байқаудың басты мақсаты – еңбек ардагері Машбек Сапарбайұлының өне­гелі ғұмырын, Отанға адал қызметін және ұрпаққа қал­дырған рухани мұрасын кеңінен насихаттау. Мәдени-демалыс кешендерінің шығар­машылық әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасуға, ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.


«Зерде» мәдени-демалыс кешені аудан аумағындағы шаруа­шылықтарда, Талсуат ауылындағы сауықтыру орта­лығында концерттік бағдар­лама ұйымдастырып, мәдениет үйлері жоқ шалғай елді мекен­дердің тұрғындарына тұрақ­ты түрде мәдени қызмет көр­сетіп келеді. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының рухани өмірін жандандырып, мәдени игілік­тің баршаға қолжетімді болуына ықпал етуде.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Жасұлан Жәрменов ұжымның жетістігі жүйелі ең­бек­тің нәтижесі екенін атап өтті.

– «Зерде» мәдени-демалыс кешенінің негізгі бағыты – мәдениет үйлері жоқ немесе шалғай орналасқан елді мекен­дердің тұрғындарына сапалы мәдени қызмет көр­сету. Ұжым мүшелері ауданы­мыздың түкпір-түкпірін аралап, сан түрлі концерттік бағдарлама ұсынып келеді. Облыстық байқаудағы жүл­делі ІІІ орын – осы жүйелі еңбектің жемісі. Бұл жетістік – ұжымның шығармашылық ізде­нісі мен ұйымшылдығының нәтижесі. Алдағы уақытта да мәдени қызметтің аясын кеңейтіп, тұрғындарға рухани демалыс сыйлау бағытындағы жұмыстарымызды жалғас­ты­ра­­мыз. Құрылғанына 30 жылға жуық уақыт болған ұжымның құрамынан талай талантты жандар шыққан, – деді Жасұлан Жәрменов.

Айта кетейік, «Зерде» мә­дени-демалыс кешенінің жетек­шісі – Ақбота Талғатова. Ұжым құрамында Ерхан Қалуадинов, Мұхтар Наватов, Думан Күшекбаев және Ержан Мұхитдинов бар. Заманауи құрал-жабдықпен жаб­­дықталған мәдени-дема­лыс кешені ауданның ауыл-аймағын тұрақты аралап, тұрғын­дарға сапалы мәдени қыз­мет көрсетіп келеді.

Қорасан ата топырағында дүниеге келген Машбек Сапар­­байұлы жастайынан тағ­дыр тауқыметін көріп, Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қажетін өтеуге атсалысты. Кейін күріш шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып, адал еңбегімен ел құрметіне бөлен­ген абзал азамат ретінде бейнеленді. Заманауи форматта дайындалған жұмыс қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.


Бұл жүлделі орын ұжымның алдағы жұмыстарына жаңа серпін беріп, Сырдария ауданы мәдениетінің мерейін тағы бір мәрте асқақтатты.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
04 шілде 2026 ж. 132 0