Ақпарат айдынындағы абыройлы міндет
Кеше «Руханият орталығында» 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні аясында салтанатты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ақын, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сала ардагерлері мен қарымды қаламгерлер қауымы, аудан қонақтары қатысты.Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев БАҚ саласының ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
– Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек басылымдарға ғана емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қолдануға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіруде» деп атап көрсетті. Кәсіби біліктілік, батылдық, жауапкершілік пен жанашырлық танытатын журналистер қауымы әркез халықтың үлкен құрметіне ие. Журналистер қауымының дайындаған әрбір материалында елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отырады. Жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруда Сіздер үлкен еңбек атқарудасыздар. Аудан айнасы саналатын 87 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газеті ұжымы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, оң өзгерістері мен жағымды жаңалықтарын үнемі ақпараттық қолдап келеді. Осы жылдар ішінде қарымды қаламгерлер мен мықты журналистер аудан айнасының қалыптасуына еңбек сіңірді. Ізхан Досмағамбетов, Абызбай Маханбетов, Тынышбек Дайрабай, Асқар Кіребаев, Балашбек Шағыров, Мұхтар Сақтапов, Шолпан Оразова, Сәуле Сұлтанқызы, Дәметкүл Құмақбай, Мейрамбек Шілдебаев, Шаһарбек Нұрсейітов, Мүсілім Қалмұратұлы және басқа да қаламгерлердің есімі елге белгілі. Бүгінде ауданнан шыққан журналистер шет мемлекеттерде, республикада жемісті еңбек етуде. Атап айтқанда, Нұрсұлу Қасымова Бельгияда меншікті тілші болса, Гүлмира Дайрабай, Нағи Бақытбеков, Ғабит Ұзақбай, Айсұлу Қасымова, Нұрлан Жақыпбек, Нұрбек Дәуренбек, Дәулет Қырдан, Нұржан Мүзарапшин елімізде ақпарат саласында қызмет етуде. Аға буынның ізін жас қаламгерлер лайықты жалғастырып келеді. Биыл Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, ақын Ақтөре Ибрагимұлы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – ауданның қаламгерлеріне деген құрметтің белгісі.
Бүгінгі күні аудандық басылым 3 мыңнан аса тиражбен жарық көріп, халыққа ақпарат ұсынуда. 30-ға жуық қызметкер аянбай еңбек етуде. Оларға сала ардагерлері мен баспасөз саласының жанашырлары әркез қолдау білдіруде. Сондықтан меншікті басылымның еңбегін аудан халқы ерекше ықыласпен бағалайды. Осы сәтті пайдалана отырып, Сіздерге шынайы алғысымды жеткізгім келеді, – деді аудан әкімі.Салтанатты іс-шарада жылдар бойы қаламы қолынан түспеген кәсіби мереке иелері марапат төрінен көрінді. Оларға облыс, аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Өз кезегінде ауданның дамуына еңбек сіңіріп жүрген саланың ардагерлері Жұмакүл Қожағұлова мен Қазына Асықбаева биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Аудан басшысы қос ардагерге зор ілтипат танытып, сый-құрмет жасады.
Бұдан бөлек, «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаевтың арнайы «Алғыс хаты» баспасөзге жазылуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа табысталды.
Салтанатты іс-шарада аудан прокурорының орынбасары Махмут Алмас көпшілікке жылы лебізін білдіріп, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бірқатар маманын аудан прокуроры Абай Әлімбаевтың «Алғыс хатымен» марапаттады.
Айта кетейік, мерекелік басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, ақпарат саласының майталмандары Мүсілім Қалмұратұлы, Мейрамбек Шілдебаев сөз алып, сала мамандарының айрықша еңбегін атап өтті. Аудандық орталық кітапхана ұжымы мерекелік көрме ұйымдастырып, көпшілікке таныстырды. Осы орайда, қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Мұхтар Сақтаповтың туғанына 90 жыл толуына орай арнайы көрме жасалды. Аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











