Ақпарат саласының өкілдеріне құрмет көрсетілді
Бүгін "Руханият" орталығында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.Іс-шара аясында ақпарат саласының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін танытатын кітаптар, архивтік фотосуреттер мен мерзімді басылымдар қойылған тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғам өміріндегі орны мен ел дамуына қосып жүрген үлесіне ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіруде» деп атап көрсетті. Жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруда Сіздер үлкен еңбек атқарудасыздар. Аудан айнасы саналатын 87 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газеті ұжымының ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтарына үнемі ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі күні аудандық басылым 3 мыңнан аса тиражбен жарық көріп, халыққа ақпарат ұсынуда 30-ға жуық қызметкер аянбай еңбек етуде. Оларға сала ардагерлері мен баспасөз саласының жанашырлары әркез қолдау білдіруде. Сондықтан меншікті басылымның еңбегін аудан халқы ерекше ықыласпен бағалайды. Ауданымыздың дамуына еңбек сіңіріп жүрген саланың ардагерлері Жұмакүл Қожағұлова мен Қазына Асықпаева биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Мерейтой иелерін шын жүректен құттықтаймын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Салтанатты жиында ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімінің "Алғыс хаттарымен" және “Сыр медиа” ЖШС басшысының “Алғыс хатымен” марапатталды. Сонымен қатар, мерейлі 70 жасқа толған сала ардагерлері Жұмакүл Қожағұлова мен Қазына Асықпаеваға құрмет көрсетілді.
Мұнан соң аудан прокурорының орынбасары Махмут Алмас құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және сала ардагерлері Мүсілім Қалмұратұлы мен Мейрамбек Шілдебаевсөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










