Тереңөзекте көпір құрылысы жүргізілуде
Көлік инфрақұрылымын дамыту – аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын арттыру, олардың бойындағы инженерлік нысандарды жаңғырту – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтудің басты кепілі.Осы бағытта Қызылорда-Жалағаш автожолында орналасқан екі бірдей көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, автожолдың Тереңөзек кенті тұсындағы «Әйтек» каналының бір тармағында орналасқан көпірге жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Жобаның тапсырыс берушісі – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Жобаның бас мердігері – «Сервис НС» ЖШС болса, монтаждау жұмыстарын «Универсал сервис» ЖШС атқаруда. Қазіргі таңда 20-ға жуық маман көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған. Бүгінде канал табанына бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Ел игілігі үшін салынып жатқан нысанның сапалы болуы үшін сала мамандары бар күш-жігерін салуда.
– Көпірлердің жаңартылуы тек жол сапасын жақсартып қана қоймай, өңір тұрғындары үшін бірқатар оң өзгерістер әкеледі. Ең алдымен, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артады. Екіншіден, жүк тасымалының тиімділігі жақсарып, уақыт үнемделеді. Үшіншіден, бұл жобалар жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да ықпал етуде. Бүгінде Сырдария ауданында жолдың 47,9 шақырымында орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында көпірдің тозған конструкциялары жаңартылып, тірек бөліктері күшейтіліп, заманауи құрылыс материалдары қолданылуда. Жол жабыны толық ауыстырылып, қауіпсіздік элементтері орнатылады. Жобаны аяқтау мерзімі – 2026 жылдың қазан айы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы Қызылорда–Жалағаш автомобиль жолындағы көпірлерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары – өңір инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай жобалар аймақтың көлік байланысын нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді «Универсал сервис» ЖШС директоры Нұрсұлтан Тәттібаев.
Алдағы уақытта жаңа көпірдің жергілікті халық үшін көлік байланысын нығайта түсетініне сенім мол.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











