Конституциялық реформа: жастар жаңа Конституцияны қолдайды
Сырдариялық жастар Конституцияның жаңа нұсқасы туралы ой-пікір алмасып, жаңа заман талабына сай жаңарып, геосаяси кезеңде өзгеріп жатқан Ата Заңның жаңа нұсқасын қолдайтындықтарын айтты.Кездесуге аудандық жастар орталығының мамандары, белсенді жастар, үкіметтік емес ұйымның жас белсенділері, мәдениет, кітапхана саласының жас қызметкерлері қатысты.
– Еліміз әділеттілікті басты бағдар етіп алып, жаңаруға түбегейлі бет бұруда. Жарияланған жаңа Конституциясы жобасы тұрақты болашаққа деген жаңа қадамның көрінісі. Жалпы мәдениет ұғымы жаңарған Ата заңда инновация, ғылым және біліммен қатар орталық идеялардың бірі ретінде танылды. Ұлттық құндылықтарға көрсетілген жанашыр көзқарас. Ал бұл рухани қуат өз кезегінде Конституцияның жаңа жобасында басты қағидаттардың бірі ретінде бекітілген патриоттық сезімдерді нығайта түседі. Қазақстан үшін бұл кезең – саяси реформалардың қорытындысы ғана емес, жаңа мемлекеттік даму дәуірінің бастауы деп үміттенеміз. Алдағы кезеңде Конституция жобасы кең көлемде талқылаудан өтіп, түпкілікті шешімнің референдум арқылы қабылданатыны белгілі. Бұл – әрбір азаматтың ел болашағына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тарихи сәт, – деді «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері А.Ибрагимұлы.
Өз кезегінде аудан жастарының көшбасшысы Н.Сейтжан да бастаманы қолдайтынын айтты.
– Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы. Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында бұл қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Бұл ұстаным құжаттың бүкіл мазмұнынан көрініс тапты. Ең бастысы мыңжылдық тарихтың сабақтастығы – жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар. Конституция жобасы жарты жыл бойы азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен ұсыныстарға, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлеріне сүйене отырып әзірленді. Осы уақыт аралығында реформаға қатысты азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Соның нәтижесінде Ата заңның барлық бөлімін қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізіліп, мәтіннің 84 пайызы жаңартылмақ, – деді Н.Сейтжан.
Пікіралмасуда өзге де жастар өз ойларын ортаға салып, сөз сөйледі. Олар Конституцияның жаңа нұсқасын толық оқығындықтарына тоқталып, қолдау білдірді.










