Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «TURKISTAN» газетіне түгел жазылды

«TURKISTAN» газетіне түгел жазылды

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Сұхбатта Президент өткен жылдың басты қорытындылары, жүзеге асып жатқан реформалардың мән-маңызы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси өмірдегі жаңашылдықтар мен бастамалар, алдағы мақсат-міндеттер туралы айтты. Осы ретте сұхбатты Сырдария аудандық мәслихатының депутаттары толық оқып, әдеттегідей терең таразылап, ой өрбітті және барлығы бірауыздан «Turkistan» газетіне жазылды.

«Turkistan» газеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, 30 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Қайраткер тұлғалардың қаламының ізі қалған, елді бекем бірлікке, тату тірлікке үндеген іргелі газет – Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі. Шын мәнінде, оқырманның ортақ олжасына айналған басылымның атауында да өте үлкен мән-мағына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көтеріп, түрлі деңгейдегі мәселелердің шешілуіне ұйытқы болып келеді.

Сырдария аудандық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ержан Ертарғынұлы Әжікенов бастаған аудандық мәслихат депутаттарының Бауыржан Бабажанулы ағамыз басқаратын «Turkistan» газетіне 2026 жылдың 12 айына түгел жазылуы – бұл бірліктің белгісі, сондай-ақ қазақ баспасөзіне деген қолдаудың шынайы көрінісі. Ел аманатын арқалаған депутаттар газетте жарияланған сұхбатта айтылған маңызды басымдықтарды жүзеге асыруды – ортақ мақсат деп санайды. Осы жолда ұлт болып ұйысып, әрқайсымыз Президентіміз белгілеп берген стратегиялық міндеттерді орындауға өз үлесімізді қоссақ, таза, әділетті, қауіпсіз және өркендеген елдің берік негізін қалайтынымыз анық. Алдағы уақытта Сырдария аудандық мәслихатының депутаттары Мемлекет басшысының саяси бағдарын жүзеге асыруға белсенді атсалысады, қазақ баспасөзіне қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі жалғастырады деп сенемін.

Ақтөре Ибрагимұлы,
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі

18 қаңтар 2026 ж. 39 0