Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады – Тоқаев

Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жасанды интеллект мамандандырылған  зерттеу университеті ашылатынын айтты, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ, - деді Тоқаев. 

Мемлекет басышысының айтуынша, Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. 

Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды, - деді Президент.

Сондай-ақ, сұхбат барысында былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастағанын атап өтті. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылған.

Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


05 қаңтар 2026 ж. 60 0