Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарбаздарға сала мамандарымен кәсіби кеңес берілді

Сарбаздарға сала мамандарымен кәсіби кеңес берілді

5547 әскери бөлімшесінің сарбаздарына «Бақыт мекені» жобасы шеңберінде арналған ақпараттық іс-шара ұйымдастырылды.

Кездесуге Жастар денсаулығы орталығы, Жастар ресурстық орталығы, «Мансап» жұмыспен қамту орталығы, «Отбасы» банкінің мамандары және құқық саласының өкілдері қатысты. Елімізде әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Әскери баспана» және «Наурыз» әскери бағдарламалары іске асырылған. Бағдарламаның басты ерекшелігі – бастапқы жарнаның міндетті болмауы. Осы мүмкіндіктің аясында жыл сайын шамамен 7 мың іскери қызметкерге несие беріледі.

Іс-шара барысында әскери қызметкерлерге құқықтық қорғау, тұрғын үй бағдарламалары, жұмыспен қамту, кәсіби бағдар, жастар денсаулығы және психологиялық қолдау бағытында жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, қатысушыларға мемлекеттік және әлеуметтік бағдарламалар, жеке кәсіпкерлік бастамалар, білім алу мүмкіндіктері, сонымен қатар құқықтық кеңес алу жолдары туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Кездесу барысында психологтың қатысуымен командалық өзара әрекет пен сенімді арттыруға бағытталған интерактивті сергіту жаттығулары өткізілді. Бұл ойындар арқылы сарбаздар өз эмоцияларын басқару, топтық жұмыс жасау дағдыларын дамыту, стресс жағдайында тез шешім қабылдау қабілеттерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара соңында әскери қызметкерлер өздерінің сұрақтарына толық жауап алып, ұсынылған ақпарат пен көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді. Қатысушылар сондай-ақ мұндай кездесулердің олардың кәсіби және жеке дамуына, психологиялық тұрақтылыққа, әрі әлеуметтік бейімделуге зор үлес қосатынын атап өтті.

«Бақыт мекені» жобасының негізгі мақсаты – әрбір сарбазға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, олардың кәсіби дамуы мен жеке өмір сапасын арттыруға жағдай жасау. Осындай кездесулер арқылы әскери қызметкерлердің өз мүмкіндіктерін кеңейтуге және қызметтік міндеттерін тиімді орындауға деген мотивациясы артып отыр.

 Ф. Маратова
Тәрбие және
әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығының
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі
16 қаңтар 2026 ж. 71 0