Мемлекет басшысы БАӘ Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасымен кездесу өткізді

Әңгімелесуде Қазақстан мен Әмірліктер арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасы қарастырылды.
Мемлекет басшысы БАӘ жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту ісінде әлемдік көшбасшы саналатынын айтты. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында ІТ секторында бірқатар маңызды жобалар іске асырылғанына тоқталып, әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет танытты.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектіге маманданған әрі ғылыми зерттеу мен әзірлемелерге басымдық беретін университет ашу жоспарымен бөлісті. Осы орайда әлемдегі алғашқы ІТ университетті құрған БАӘ тәжірибесін зерделеудің өзекті екенін жеткізді.
Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді. Бүгінде бұл жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Президенттің айтуынша, аталған жоба екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады.