Қарт майдангер 104 жасқа толды
Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров 104 жасқа толды. Осы мерейлі жасымен майдан куәгерін аудан әкімі Берік Сәрменбаев құттықтады. Аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері Марат Омаров, Балшекер Өтегенова арнайы барды.Аудан басшысы сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді.
– Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Сіздің сұрапыл соғыста жүріп өткен жолыңыз кейінгі буынға бейбіт өмір сыйлады. Сондықтан Сіздің өскелең ұрпақ үшін жасаған ерлігіңіз әркез зор құрметке лайық. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, – деген аудан әкімі "Құттықтау хат" табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Өз кезегінде мерейтой иесі соғыс жылдарындағы естеліктерін айтты. Мерейлі жасымен құттықтаған аудан басшысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Яхия Тасыров – Қызылорда облысындағы жалғыз ҰОС ардагері. Ол 1922 жылы Тереңөзек ауданы, Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынған. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберілген. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Польшаны азат етуге қатысқан. Данциг портында аяғынан ауыр жараланып, соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Батыры Маршал Г.К.Жуков», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Қызылорда облысының құрметті ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы.
Қарт майдангер бүгінде 7 ұл-қыздан 15 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










