Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың мерекелік құттықтауы

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың мерекелік құттықтауы

Құрметті жерлестер!
Сіздерді Жаңа 2026 жылмен құттықтаймын!
Бұл – күнтізбенің ауысуы ғана емес, өткенді таразылайтын, жаңа бастамалар мен ізденістерге жол салып, жақсылыққа қадам басатын, жаңалыққа ұмтылатын ерекше мереке. Жаңа жылда жұртшылық бір-біріне ақжарма тілегін арнап, ізет-ілтипат білдіреді. Адамдардың сыйластығы мен татулығы осындай құрметтен бастау алады.

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды», – деген болатын.

2025 жыл еліміз үшін де, аймағымыз үшін де тарихи-саяси маңызды оқиғаларға толы берекелі әрі жемісті, жетістіктерге толы мерейлі жыл болды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыстың даму қарқынына, атқарған жұмыстарымызға оң бағасын берді. Бұл – бәріміз үшін зор мәртебе.

Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміз бекем бірлік пен тату тірліктің, жасампаз жігер мен ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Облыс бюджеті 2021 жылдан бері 246 пайызға өсті. Облысымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарға тұрақтады. Жаңа заманауи ғимараттар, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар, көпірлер, парктер мен саябақтар салынды. «Таза Қазақстан» акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңа келбетке ие болды.

Қадірлі ағайын!
Екі жылдың түйіскен тұсында елімізге амандық, халқымызға бекем бірлік, баршаңызға мықты денсаулық тілеймін! Әрбір ізгі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, ел игілігі жолында толайым табыстарға, тың жетістіктерге жете беріңіздер!

Жылқы жылы іргелі істеріміздің бастауы, жақсылықтардың жалғасы болсын, кең байтақ елімізге молшылығы мен ырыс-дәулетін, қасиетті жерімізге құт-берекесін әкелсін деп тілейміз!
Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық, тұғыры әрқашан мықты болғай!
Жаңа жыл құтты болсын!

01 қаңтар 2026 ж. 36 0