Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орталық алаңда мерекелік концерт өтті

Орталық алаңда мерекелік концерт өтті

Орталық алаңда мерекелік концерт өтіп, аудан әкімі Берік Сәрменбаев тұрғындарды Жаңа жылмен құттықтады.

Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – өткенді саралап, жаңа бағытқа бетбұрыс жасайтын ерекше мереке. Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. Өтіп бара жатқан жыл Сыр елі үшін табысқа толы болды. Жыл көлемінде ауданымыз да жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасты.

Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген жақсы сөз бар. Біз де Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, берекелі іс пен баянды бақыт күтеміз. Өтіп бара жатқан 2025 жыл өңіріміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облысымыз қарқынды даму үстінде. Аймағымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орында. Аймақ бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайыз өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд. теңге болса, биыл 207 млрд. теңгеге жетіп, 4,4 есе артты.
Ауданымызда да жыл көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд. теңгені құраса, бүгінде 13,2 млрд. теңгеге жетті. Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсарту үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырды. Бүгінде ауданда Тереңөзек кенті мен 5 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, 62 пайызды құрап отыр. Биыл газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 2,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, Нағи Ілиясов және Шаған ауылдары табиғи газға қосылды. Жоба құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын Ақжарма елді мекенін газдандыру жұмыстары биыл басталып, бүгінде газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоба құны 490,5 млн. теңгеге Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда 1,3 млрд. теңгеге 25,5 шақырымнан аса автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Қазіргі кезде жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 99 пайызға жетті. Аудандағы үлгілі елді мекен – Нағи Ілиясов ауылы «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауында жеңімпаз атанып, Қазақстандағы үздік 5 туристік ауылдың қатарына енді. Біздің жеткен жетістіктеріміз – аудан халқының бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Дана халқымыз «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дейді. Біз алдағы жылдан үлкен үміт күтіп, ауқымды жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Жаңа 2026 жыл құтты болсын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жаңа жылдық іс-шарада аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік концерт отшашуға ұласты.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

01 қаңтар 2026 ж. 39 0