Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҰЛЫ ТАРИХ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ»

«ҰЛЫ ТАРИХ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ»


«Бұл кітап – менің қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады»,- деген ерекше оймен басталатын Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы оқырманға жол тартты.
Тарихи публицистика жанрында жазылған кітаптың мазмұны аса бай. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстаның үшінші жаңғыруы» сынды төрт бөлімнен тұрады.
Қазақстандық даму үлгісінің эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланып, Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен қамтылып көрсетілген. Яғни, тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның даму жолы тізбектелген тағылымы мол туынды.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді» деп, тәмамдалатын туындыдан әрбіріміз мол сабақ ала аламыз.
Сондықтан, Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» барша қазақстандықтардың сүйіп оқитын кітабына айналып, қалың қауымды қызықтырар тың туынды болары анық.

М. ӨТЕГЕНОВА,
М.Әуезов атындағы балалар кітапханасының меңгерушісі,
Арал қаласы
05 шілде 2018 ж. 1 168 0