АЛДАҒЫ МЕЖЕ ҚАУІП-ҚАТЕРДІ БОЛДЫРМАУ
Бұрнағы күні Ақжарма ауылында облыс көлемінде жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын-алу, болдырмау мақсатында көшпелі мәжіліс өткізілді. Оған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева, ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ж.Сәрсенбаев, облыстың жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаев обаға қарсы күрес станциясы басшысының міндетін атқарушы М.Бодықов, аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов, аудандық дербес бөлім, басқарма басшылары, ауылдық-округ әкімдері, сала мамандары қатысты.
Мәжілісті облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов ашып, бүгінгі таңдағы аймақтағы аталған мәселеге байланысты ахуалды егжей-тегжей баяндады. Сонымен қатар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ғ.Садықов ветеринария саласы бойынша үстіміздегі жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар жайында хабарлама жасады. Елді-мекендердегі жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын-алу, болдырмау мақсатында жұмыстарды пысықтады. Бұдан кейін тиісті сала басшылары облыс деңгейіндегі жүргізіліп жатқан жұмыстарға сараптама жасап, мағлұматтар берді. Облыс бойынша ветеринария саласының негізгі нысандарын аралау барысында туындаған мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, төрт түлік малдарды, қораларға санитарлық тазалықтарды оңтайлы ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру тапсырылды. Ауыл әкімдеріне санитарлық жұмыстарды жүргізуде қадағалау процесін күшейту нақты айтылды. Аудан бойынша мердігер мекемелердің қызметін уақытында ұйымдастыруды, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын қолға алуды міндеттеді. ҚР Ветеринария туралы Заңының негізгі міндеттерін жүзеге асыру қағидаттары түсіндірілді.
Мәжіліс барысында бірқатар мәселелер қайта қаралып, жауапкершілік жүгі мамандарға артылды. Жұмысты ұйымдастыруда тиянақтылықпен жетілдіру шарттары басты назарға қойылды. Жиын соңында сала басшылары мен мамандары Ақжарма ауылындағы мал тоғыту алаңына барып, жасалып жатқан жұмыс процесімен танысты.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ