Есепті кездесу: ұсыныс бар жерде жұмыс жүреді
Өткен аптадан басталған аудан әкімінің есепті кездесулері Нағи Ілиясов, Шаған және Іңкәрдария мен Ақжарма ауылдарында жалғасты. Есепті кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, дербес бөлім, мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.Кездесулерде аудан басшысы облыс және ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен соңғы үш жылда облыста денсаулық сақтау саласына 441 млрд теңге қаржы бөлініп, түйткілді мәселелердің түйіні шешілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Барлық елді мекендегі емдеу мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылды. Қызылордада алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. 10 мың донацияға арналған қан орталығы пайдалануға берілді. Медицина саласының мамандарына арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылданды. Құрылысы басталды, жыл соңына дейін аяқталмақ. Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық ғимараты, сол жағалаудан 14 млрд 500 млн теңгеге 500 орындық емхана, қаланың шет аймағында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың құрылысы жақын күндері басталады. Спорт саласында да жағымды жаңалық жетерлік. Облыста УЕФА классификациясы бойынша 4-санатты 11 мың орындық «Қайсар arena» стадионы салынды. «Самұрық қазына» қорымен бірлесіп құны 3 млрд 400 млн теңгеге «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. «Қызылорда Арена», «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 2 млрд 900 млн теңгеге көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері осы айда келушілеріне есік ашады. Соңғы үш жылда облыста 20 спорт кешені салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Биыл аймағымызда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 6 спорт кешені ашылады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылы биыл 662 млн теңгеге табиғи газға қосылды. Облыс әкімінің бастамасымен өткізілген «Үздік елді мекендер» байқауында іргелі ауыл бірінші орынды жеңіп алды. Ал аудандағы үлкен ауыл – Шаған ауылында 8 көше күрделі жөндеуден өткізілді. 2024 жылы ауылды электр желілерімен жабдықтау жұмыстары толық аяқталса, бүгінде 328 млн теңгеге елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақында елді мекен табиғи газға қосылды. Іңкәрдария ауылында орта мектеп, шағын орталық, фельдшерлік-акушерлік бекет, ауылдық клуб үйі, кітапхана және «Қазпошта», ветеринарлық станса бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. Ақжарма ауылының жолдары жөнделіп, көше бойына қаз-қатар жарықшам орнатылған. Әлеуметтік нысан санатына кіретін мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория секілді бірнеше мекеме халық игілігі үшін жұмыс жасауда.
Өз кезегінде тұрғындар инфрақұрылымдық жұмыстар, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Аудан басшысы ұсыныс-пікірлер негізінде жұмыс жүргізілетінін, мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ












