Талдықорғанда 6 журналиске пәтер кілті табыс етілді
Талдықорғанда «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына орай аталған басылымның журналистеріне пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Баспана кілттерін салтанатты кеште Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыстады. Пәтерлі болғандар қатарында «Жетісу» газетінің тілшілері Мәулен Әнербай, Асыл Сұлтанғазы және фототілші Аслан Қажеке, сонымен қатар «Огни Алатау» газетінің аға тілшісі Татьяна Демидова, бөлім редакторы Джамиля Атибаева және тілші Андрей Ярополов бар.
Сондай-ақ, салтанатты кеште қос басылымның 5 журналисі Жұматай Әміреев, Қуат Қайранбаев, Василий Воробьев, Гауһар Дүйсенбаева, Танзилия Мұхтаровалар «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, үздік журналистерге облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табыс етілді.
Айта кету керек, облыстық «Жетісу» газеті алғашында «Жетісу ісші халық мұқбірі», яғни «Жетісу жұмысшыларының жаршысы» деп аталды. Атауы жеті рет өзгерген басылым 1963 жылдан бері «Жетісу» газеті аталып келеді.
Талдықорғандағы «Жастар» саябағында Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің және Алматы облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойына арналған шара концерттік кешке ұласты.
Мейрамға орай 200-ден астам БАҚ өкілдеріне облыс әкімінің мерекелік сыйақысы берілді.
Пікір 1