Жаңа стадион құрылысына үлес қосқан азаматтар марапатталды

«Президентіміздің қолдауымен салынған Қызылорда қаласындағы 11 мың орындық заманауи стадионымыз 4 қазан күні Қазақстан кубогының финалдық ойынымен салтанатты түрде ашылды. Тәуелсіздік жылдарында пайдалануға берілген еліміздегі үшінші стадион УЕФА-ның ІV санатты сертификатын алғанын ерекше мақтанышпен атап өтуіміз қажет. Айтулы шараға Туризм және спорт министрі, Парламент депутаттары, Қазақстан футбол федерациясының басшылық құрамы, қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қадірлі қонақтарымыз арнайы келіп қатысты. Жұртшылық жаңа нысанға жоғары баға беруде.
Негізі стадион құрылысы 3 жылға жоспарланған болатын. Мердігер мекеме өз жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, небәрі бір жарым жылдың ішінде, яғни белгіленген мерзімнен ерте әрі жоғары сапалы етіп салып бітірді.
Құрылысты мерзімінен бұрын аяқтаған мердігер компания басшысы Қозбақов Исламғали Айтуарұлына, компания ұжымына барша Сыр жұртшылығының атынан алғысымызды білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Исламғали Қозыбақов «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Облыстық құрылыc, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Туралиевке, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаевқа, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Садық Мұстафаевқа облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі