Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 сәуірден кейін біржолғы зейнетақы төлемдері қалай беріледі

1 сәуірден кейін біржолғы зейнетақы төлемдері қалай беріледі

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 1 сәуірден бастап біржолғы зейнетақы төлемдері қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл 1 сәуірден бастап 2022 жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі күшіне енеді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №875 қаулысымен 2021 жылға есептелген төменгі жеткіліктілік шегін қолдану мерзімі 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алуға қолжетімді зейнетақы жинақтарының бар-жоғына көз жеткізуі тиіс. Мұны enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинеттен және egov порталы мен мобильді қосымшасынан көруге болады. Одан әрі салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, уәкілетті операторлардың интернет-ресурсы арқылы алдын ала өтініш бергені жөн. Бүгінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштер қабылдайтын уәкілетті операторлар: «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ, емделуге «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ болып отыр», – деп жазылған БЖЗҚ хабарламасында.

Уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінішті қарағаннан кейін 2 жұмыс күнінде БЖЗҚ-ға электронды хабарлама жібереді. БЖЗҚ тарапынан алуға қолжетімді қаражат тексеріледі, мұнда уәкілетті оператордан электронды хабарлама келіп түскен күнгі төменгі жеткіліктілік шегі ескеріледі. БЖЗҚ электронды хабарлама келіп түскен күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға алушының арнайы шотына біржолғы зейнетақы төлемін аударады.

Назар аударарлық жайт – 2022 жылға арналған төменгі жеткіліктілік шегі 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енетіндіктен, БЖЗҚ уәкілетті операторлардан БЖЗҚ-ға 2022 жылдың 31 наурызына дейін келіп түскен өтініштер бойынша 2021 жылға есептелген төменгі жеткіліктілік шегіне сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін жүргізеді.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда төменгі жеткіліктілік шегі – ҚР Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері деп айқындалған. Төменгі жеткіліктілік шекті айқындау әдістемесі ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен (2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістері мен толықтыруларымен) бекітілген.

Әдістемеге сәйкес, төменгі жеткіліктілік шек мөлшері жыл сайын әр жас үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пайдаланылады.

Еске сала кетейік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2021 жылдың қаңтары мен осы жылдың 1 наурызы аралығында 967 853 қазақстандық зейнетақы жинағының шекті мөлшерден асатын сомасын үй жағдайын жақсартуға алу үшін өтінім берді. Оларға қордан 2,7 трлн теңге қаржы аударылды.

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 3,1 млн теңге болды. Зейнетақы жинағын алғандардың басым көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және Маңғыстау облысының тұрғындары.

Сонымен бірге, зейнетақы жинағын бала еміне жұмсауға да рұқсат етіледі.
11 наурыз 2022 ж. 553 0