Ақжолтай: Ақжармада жаңа ойын алаңы ашылды

Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы арнайы қатысты. Сондай-ақ даңқты боксшылар Мұхтархан Ділдәбеков пен Біржан Жақыпов құрметті қонақ болды.
Аудандық мәслихат төрағасы бұқаралық спортты дамыту басым бағыттардың бірі екенін айтып, Президенттің тапсырмасымен облыс әкімінің қолдауымен Сыр өңірінде, Сырдария ауданында спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Ауданымызда спорт саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы Бесарық ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен Айдарлы, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарына ойын алаңдары салынуда. Жалпы аудан бойынша халықтың 40 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысып келеді. Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген жақсы сөз бар. Бүгін ашылған жаңа ойын алаңы ауыл тұрғындарын саламатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болсын дейміз, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Айта кетейік, ойын алаңының салынуына және шағын футболдан өткізілген жарыстың ұйымдастырылуына Сырдария ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов қолдау білдірді.
Өз кезегінде Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Ділдәбеков ауылдағы спорт саласының дамуын оң бағалап, тілектестігін білдірсе, ойын алаңының салынуына қолдау білдірген Марат Бисенов ауылдың дамуына үлес қосу азаматтық парызы екенін айтып өтті. Алдағы уақытта да іргелі елді мекенді өркендету бағытында тың жобалар жүзеге асырылатынына назар аударып, ауыл тұрғындарын туған жерді көркейтуге және ел мүддесі жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.
Игі бастама жақсы іспен жалғасын тауып, ақжармалық бес бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Жас өрендерге «Ақжарма» бастауыш партия ұйымының атынан сый-сияпат көрсетіліп, қариялар ақ батасын берді.
Одан кейін шағын футболдан ашық біріншіліктің жеңімпаздары анықталды. Қорытындылау салтанатында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы сөз сөйлеп, бастамаға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Шағын футбол жарысының қорытындысында І орынды «Ақсуат» командасы иеленсе, ІІ орынды «Ақжарма 2» командасы жеңіп алды. Ал ІІІ орын «Ақжарма» командасына бұйырды. Сонымен қатар спортшылар «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Әділ төреші» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздарға «AMANAT» партиясының атынан диплом, кубок, және қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар ауылдың белсенді азаматтарына «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы А.Есмахановтың арнайы Алғыс хаты табысталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ