Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда

Сыр өңірінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы және құрылыс саласында атқарылған жұмыстар сараланған жиын өтті. Басқосуға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, қала және аудан әкімдері мен құрылыс компанияларының басшылары қатысты.

Аймақ басшысы ауқымды жобаларды жүзеге асыру барысында сапаға баса мән беруді тапсырды.

«Жаңадан пайдалануға берілетін нысандардың өңіріміз үшін маңызы зор. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің, 11 мың орындық жаңа стадион мен тұрғын үйлер құрылысының сапасы мен табысталу мерзіміне қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Құрал-жабдықтары, жан-жағының абаттандырылуы толық дайын болуы керек», - деді Н.Нәлібаев.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасымен облысымызда 10 мектеп салынып, пайдалануға берілуде. Осыған дейін 6 мектеп іске қосылған. Қалған 4 мектептің 3-еуі (Қызылорда қаласы Арай м/а 1500 орындық, Қызылжарма м/а 600 орындық және Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептер) жаңа оқу жылына дейін, тағы 1 мектеп (Қызылорда қаласы СПМК-70 м/а 1500 орындық мектеп) екінші тоқсанға дейін ел игілігіне табысталады деп күтілуде.

Жас ұрпақтың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 5 млрд. 700 млн. теңге қаржыға 9 мектепке 2 900 орындық қосымша ғимарат салынды. Нәтижесінде үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

17 тамыз 2025 ж. 311 0