Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жастармен кездесті

Аудан әкімі жастармен кездесті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Руханият» орталығында аудан жастарымен кездесті. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәлихат депутаты Алмас Есназар, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, бөлім басшылары мен жастар қатысты.

Аудан басшысы жастарға қоғамның қозғаушы күші ретінде ерекше жауапкершілік жүктелетінін және олардың белсенділігі ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

– Кемеңгер ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі – әрбір жас үшін ұранға айналған өсиет. Мемлекетіміздің ілгері дамуы мен өркендеуінде жастардың алатын орындары ерекше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз Сіздерге зор үміт артамыз» деп атап өтті. Президентіміздің тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймағымызда жастарға сапалы білім беру, мәдени шығармашылығын қолдау, спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілді. «Отбасы» орталығы, «Анаға тағзым», «Өнер орталығы», «Оқушылар сарайы» мен «Теннис орталығы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты, физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы жастарға қызмет етуде. Заманауи талаптарға сай 11 мың орындық жаңа стадион, «Қазақстан халқына» Қорының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Осындай қолдаулардан кейін сырдариялық жастар барлық игі істердің алдыңғы шебінде. Мемлекеттік қызметте, білім мен ғылымда, мәдениет пен спортта, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында жетістіктерге жетіп, ауданымыздың абыройын асырып жүр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ауданда да жастарды қолдау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Аймақ басшысының қолдауымен биыл «Руханият» орталығы ашылып, мұнда аудан жастарына жақсы жағдай жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына жастарымыз белсенділік танытып келеді. Ауданға қарасты 6 ауылда жастар бригадалары 60 гектардан артық жерге бақша дақылдарын егіп, нәтижесін көруде. Бүгінде ауданда 500-ге жуық жас жұмыспен қамтылса, 20-ға жуық жас маман жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз грант иегері атанды. Ауданда 900-ға жуық жас кәсіпкеріміз өз кәсіптерін дамытуда. Оларға биыл 730 млн. теңге қаржылай қолдау көрсетілді.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, жігерлі жастар ел дамуының кепілі екенін жеткізді. Өз кезегінде жалынды жастармен еркін пікір алмасу болып, аудан басшысы жас өрендердің сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Кездесу барысында аудан дамуына еңбек етіп жүрген жастар облыс және аудан әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды. Сондай-ақ, аудан басшысы жас кәсіпкерлер мен қолөнершілердің өнімдерінен жасақталған көрмемен танысты.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

13 тамыз 2025 ж. 40 0