Қызылордалық полицейлер бетті тұмшалайтын киімдерге тыйым салу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Халықты кеңінен ақпараттандыру мақсатында Қызылорда облысының полицейлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Халық көп шоғырланған жерлерде, оның ішінде базарлар мен аялдамаларда, ойын – сауық орындарында жаңа талаптың мәнін, құқықтық негіздерін және бұл шектеуді сақтау қажеттілігін егжей-тегжейлі түсіндіруде.
Аталған жаңашылдықтың басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарды дер кезінде сәйкестендіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл шектеуге адамның жүзін толықтай жауып тұратын маска мен никаб сияқты киімдер жатады.
Бұл талап қызметтік міндеттерді орындау, медициналық мақсаттар, ауа - райы жағдайлары, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты ерекшеліктерді ескереді.
«Бұл – алдын алу мақсатында қабылданған шара. Ол ешкімнің діни немесе мәдени дәстүріне қарсы бағытталмаған. Ең бастысы – қоғам қауіпсіздігі. Адам көп жиналатын орындарда тұлғаны жедел анықтау мүмкіндігі – құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды фактор болып табылады» деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Полиция жаңа талаптарды сақтау әр азаматтың міндеті екенін ескертеді. Бұл талапты бұзу қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аудандарында жалғасатын болады. Бұл шараға қоғам белсенділері, жергілікті атқарушы органдар мен діни бірлестіктердің өкілдері де тартылды.