Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮРКІСТАНДА ӘУЕЖАЙ МЕН АВТОВОКЗАЛ САЛАДЫ

ТҮРКІСТАНДА ӘУЕЖАЙ МЕН АВТОВОКЗАЛ САЛАДЫ


Түркістанда жаңа әуежай мен автовокзал салып, теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысының облыстық мәслихат сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды Kazpravda.kz.
"Облыс орталығында жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, мәдени нысандар, спорт кешендері, сауда орталықтары салынады. Туризм саласын түлету үшін Түркістан қаласында жаңа әуежай, мен автовокзал салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ескі темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді", – деді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.
Сонымен қатар ол интенсивті баубақша шаруашылығын дамыту жобалары қолға алынып, өнеркәсіп өнімі артатынын жеткізді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың сөзіне қарағанда, Түркістан облысының әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесі анықталған.
"Аталған жоба бойынша шешім қабылдау облыс тұрғындары үшін өңірдегі жолаушылар тасымалы бағасын қолжетімді қылады", – деп атап өтті Нұрлан Байғұт.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпаратынша, сессияның отырысында қаралған мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары оң шешімдер қабылдап, бірауыздан қолдау көрсетті.
Еске сала кетейік, Елбасы Жарлығымен Оңтүстік Қазастан облысы Түркістан облысы болып өзгертілді. Оның әкімшілік орталығы Түркістан қаласы.
"Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі ", – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа жария түрде қол қою рәсімі кезінде.
Түркістан облысының әкімі болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды.
24 маусым 2018 ж. 1 161 0