Энергетикалық теңгерім: автогаз бағасы арта ма?

Энергетика министрлігінің шешімімен газдың бөлшек саудадағы бағасы өңірлерге байланысты 7-ден 10 теңгеге дейін өседі. Көтерме саудада тоннасына 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін көтеріледі. Энергетика министрлігінің мәліметінше, автогаз өндірісінің өзіндік құны айтарлықтай артқан. Тоннасына кететін шығындар 70-80 мың теңгеге дейін жетіп отыр, ал бұрынғы көтерме баға бұл шығынды өтей алмайды. Газ зауыттарының модернизациялануы мен өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бағаны қайта қарау қажет болған.
Десек те облыс әкімінің бақылауымен аймағымызда сұйытылған мұнай газының қолжетімділігі мен өсімі тұрақты қамтамасыз етіліп отыр. Өзге өңірлердегідей бізде де сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Сұраныстың өсуіне байланысты облыста газ бағасын тұрақты ұстап тұру, жеткізілімді жүйелі ұйымдастыру бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев баяндаған болатын.
Облысымызда 2022 жылы газбен жүретін 7 290 автокөлік тіркелсе, биыл олардың саны 35 690-ға дейін артқан. Бұл өз кезегінде тұтыну көлемін 5 есеге ұлғайтып отыр. Өңірде газға деген сұраныс өте жоғары деуге негіз бар.
– Осындай жағдайға қарамастан біз бағаны тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Қазіргі таңда Қызылорда облысында автогаздың бөлшек саудадағы бағасы 102 теңге шамасында сақталып отыр. Ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 107 теңгені құрайды. Бұл – еліміз бойынша ең төмен баға тіркелген өңірлердің бірі. Мысалы, 12 облыста газ бағасы 117 теңгеге дейін көтерілген. Шілде айында операторлармен бірнеше рет мәжіліс өткізіліп, қолайлы келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, шілде айында алынған газ қалдығын ескі бағамен 85-90 теңгеден сатуға мүмкіндік берілді. Қазіргі уақытта облыстағы газ құю бекеттерінде 586 тонна көлемінде қор сақтаулы. Сонымен қатар, Атырау мұнай өңдеу зауытынан 648 тонна газ жолда келе жатыр. Тамыз айына жалпы 7 562 тонна көлемінде газ бөлінді. Бұған қоса, Энергетика министрлігімен келіссөздер нәтижесінде қосымша 1 044 тонна газ бөлінді. Бұл – өңірде газ тапшылығын болдырмауға бағытталған нақты шаралардың бірі. Операторлар шекті бағадан 5 теңгеге төмен бағада сату туралы бастама көтеріп, облыс орталығында автогаз 1 литр үшін 97 теңгеден (бекітілгені 102), ал аудандарда 102 теңгеден (бекітілгені 107) сатылатын болады. Ресми бекітілген шекті баға – 102 теңге екенін ескерсек, бұл халыққа жасалған қолайлы мүмкіндік, – деді Ардақ Темірханұлы.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, газ тапшылығын болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылданған. Газдың ресурстық базасын ұлғайту бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Энергетика министрлігі мен «ҚазГермұнай» компаниясы арасында жасалған үшжақты меморандум аясында өндіріс көлемін жылына 60 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.
Айта кетейік, автогаз бағасы бензин және дизельмен салыстырғанда әлі де арзандау бағада болып қала береді. Министрліктің мәліметінше, жоспарланған қымбаттауға қарамастан, біздегі баға ТМД елдері арасындағы ең төмен деңгейде қалып отыр.
«Тт» ақпарат
Фото: Ашық дереккөзден