Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде сұйытылған газ бағасы көтерілді

Елімізде сұйытылған газ бағасы көтерілді

Табиғи газ тұрмысымыздың бір бөлшегіне айналды. Үй жайларды, ғимараттарды жылытудан бастап, көлік иелері газ бағасының төмен болуына орай жанар-жағар майдан газға ауыстыруды тиімді санайды. Сондықтан мұнай өндіретін аймақта сұйытылған газға деген сұраныс жыл сайын артуда. Ал газ бағасын тұрақтандыру үнемі назарда.

Осы күнге дейін аймақта сұйытылған газ бағасы 65-75 теңгеден сатылды. Өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облыс­та сұйытылған мұнай газының бағасы төмен. Бұл туралы Өңірлік коммуникация­лар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев мәлімдеген болатын.

ҚР Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, республикада сұйытылған мұнай газдың бағасы көтерілді. Жаңа түзетулерде облыс бойынша газ бағасы 90 теңгені, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 95 теңгені құрайды.

– Жыл басынан бастап әкімдік тарапынан бірнеше рет операторлармен мәжіліс өткізіліп, келісімге келдік. Біріншіден, қаңтар айында алынған газ ескі бағамен сатылуы керек. Еліміздің бірқатар өңірлерінде ақпан айы басталғаннан-ақ көтерілген бағамен сатуда. Дегенмен, өндіруші зауыттарда газдың бағасы 15 пайызға қымбаттауына байланысты, операторлар өз кәсібіне зиян келмес үшін жаңа бағамен сататын болады. Екіншіден, шекті бағадан 5 теңгеге төмендетіп, операторлар облыс орталығында газды 1 литр үшін 85 теңгеден, ал аудандарда 90 теңгеден сатуға ұсыныс білдірді. Жалпы ақпан айы­на министрлік тарапынан 7300 тоннаға жуық газ бөлінді. Оған қоса, энергетика министірлігімен келіссөздер жүргізіліп, ақпан айына қосымша 2000 тонна газ көлемі бөліну жоспарлануда. Бүгінде бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында, – деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін жетті. Мысалы, аймағымызда 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7290 автокөлік тіркелсе, 2024 жылы 35690 автокөлік тіркелген, яғни газ тұтынушыларының саны 5 есеге артқан. Одан бөлек, сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 63-65 мың теңгені құрайды. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 51932 теңге деңгейінде белгіленген.

«Тт» ақпарат
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
15 ақпан 2025 ж. 137 0